Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сенімімді жоғалтты": Бақауов Павлодар әкімін қызметінен шеттетті

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аппараттық кеңесте Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевті қызметінен шеттетті. Ол қала басшысының өз сенімін жоғалтқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Бұған дейін қала әкімінің орынбасары болған Ермұрат Нұрханов Павлодар әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Облыс басшысы Әнуар Күмпекеевті қызметінен босатып, сенімін жоғалтқанын айтты. 

Бақауовтың сөзінше, бұл құны шамамен 50 млн теңге болатын қымбат пәтердің сатып алынуымен байланысты. Сонымен қатар осы жағдайдан кейін әкімдікке 6 миллион теңгеге жиһаз сатып алынған. Өңір басшысы аталған екі дерек бойынша Күмпекеевке сөгіс жариялады.

«Әнуар Күмпекеев мемлекеттік саяси қызметкер ретінде сенімімді толықтай жоғалтты. Президент әкімшілігіне тиісті құжаттар жіберіледі», - дейді Бақауов. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодар әкімдігінің 50 миллион теңгеге коттедж сатып алғанын хабарлаған едік. Артынша әкімдіктегілер коттеджді не үшін сатып алғандарын түсіндірді. Құны шамамен 50 миллион теңге болатын үйге бюджеттің ақшасы қызметтік қажеттілікке байланысты жұмсалған. Айтуыларынша, басқа өңірлерден келген мемлекеттердің тұратын баспанасы жоқ. Кезекте әлі 15 шенеунік тұр. Ал қалада бос пәтер жоқ көрінеді.

Коттеджге қатысты даудан кейін элиталы үй балалар үйінің тәрбиеленушілеріне берілетін болып шешілген еді.

Талқылау