"Келесі ұрпақ жұмыссыз қалуы мүмкін": Сенатор әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді қолдады
Сенат депутаты Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуді қолдады. Ол өзінің депутаттық сауалында Қазақстанда орташа өмір сүру жасының 71-ден 70 жасқа дейін төмендеп кеткенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дана Нұржігіттің айтуынша, әйелдерде зейнет жасын көтеру туралы шешім 2015 жылы қабылданған. Бұл кезде Қазақстандағы орташа өмір сүру жасы есепке алыныпты. Алайда 2021 жылы бұл көрсеткіш 71 жастан 70 жасқа дейін төмендеген.
"Қазіргі зейнет жасы туралы заңнамаға сәйкес азаматтар 60-63 жасқа дейін жұмыс істесе, келесі ұрпақ жұмыссыз қалуы мүмкін. Азаматтардың көптеген өтініштерін назарға ала отырып, біз әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынамыз", – деді ол.
Сенатор қазір Қазақстанда 453,1 мың адамның жұмыссыз екенін мәлімдеді. Олардың 9 362-і 15-28 жас аралығындағы жастар. Бұлардың қатарына ЖОО түлектері де қосылады.
Айта кетейік. бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі қай деңгейде қаралып жатқаны туралы айтқан еді.