Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зорламақ болды деп саған жала жабамыз деген": Боди-массаж салонындағы полицейдің адвокаты мән-жайды айтты

Жуырда ғаламторды боди-массажға барған полиция қызметкері туралы видео шулатты. Ол жерде полиция қызметкері боди-массаждың не екенін білмейтінін айтып ақталса, қарсы тарап "зорламақшы" болды деп дәлелдеп әлек.Осы мәселеге байланысты Stan.kz тілшісі экс-полиция қызметкері Қуат Анашов мырзаның адвокатынан сұхбат алып, мән-жайды анықтауға тырысты.

Боди-массаж салонында түсірілген видео тарап кеткеннен кейін жұмыстан шыққан алматылық полицейдің оқиғасы күтпеген жерден өз жалғасын тапты.

Жәбірленушінің сырт киіміне қарап бұл оқиғаның ертеректе болғанын байқауға болады. Мұны Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гаитов Рустем Абдузаитович да растады:

"Бұл видео 10 мамыр күні әлеуметтік желі арқылы таралған. Алайда оқиға осыдан екі ай бұрын болған. Қуат мырза жұмыстан кейін белі ауырғандықтан массаж алмақ болады. 15 000 келіскен соң Бөгенбай көшесіндегі мекен-жайға барған. Сыртында массаж не орталық екені мүлдем жазылмаған. Ішке кірген кезде администратор қыздар массаждың алдын-ала ақшасын төлеуді сұрайды. Қуат төлеп, бөлмеге кірген кезде массаж жасайтын қыз толық шешін дейді. "Неге?" деген сауалына "Боди-массаж с окончанием" деп жауап береді. Бұл азамат өзіне емдік массаж қажет екенін айтып, бірден бас тартып, ақшасын қайтарып беруін айтады". Барлық мәселе осы жерден басталған. Ақшаны кері қайтарғысы келмеген орталық администраторы массаж қабылдауға келген клиентті қорқыту тәсіліне көшкен.

"Администратор "біз ақшаны қайтармаймыз. Өз құқығымызды жақсы білеміз. Мен өзім тергеуші болып істеймін. Бәрін жақсы білемін. Тыныш кетпесең көрсетемін" дейді. Өзінің әріптесі екенін білген соң жәбірленуші түсіністік танытады деген оймен өзінің де полиция қызметкері екенін айтады. Бұл жерде қорқыту, үркіту болмаған. Тек өзара түсінісіп кетерміз деген ниетпен айтқан", - дейді қорғаушы.

Алайда ауруына шипа іздеген жігіттің бұл сөзі оқиғаны одан ары шиленістіріп жіберген.

"Сол кезде администратор екі жігітті шақырып, Қуатты ұрып-тепкілейді. Бұл процесс басқа бөлмеде болған. Кейін видеода көрсетілген жерге әкеліп, Қуатқа: "қазір тыныш кет. Болмаса массаж жасайтын қызды өзіміз бір ұрып, сен зорламақшы болды" деп арыз жазамыз деп қоқан-лоқы көрсеткен. Видео кесілген, ол жерде сіз бен біз көрмеген мәселе бар. Сол жерде заңсыз тінту жасап, құжаттарын және 50 000теңге ақшасын тартып алады. Былайша айтқанда, тонау болған. Видеода өздеріңіз қылғындырған сәтін көрдіңіздер. Сол кезде Қуат талып қалады. Кейін есін жинағанда әлгі адамдар бопсалауын тоқтатпайды. Олар: "егер де бізді біреулер тексеріп келетін болса, мына видеоны интернетке таратамыз" дейді. Ол жерде Қуат жалғыз өзі ештеңе дәлелдей алмасын біліп, құжаттарын алып тыныш кетеді".

Ал, 10  мамыр күні бұл видео ғаламторды шулатып, ел ішінде резонанс тудырады. Өйткені сол кезде аталмыш массаж орталығына қатысты арыз-шағым түсіп, полиция департаменті тексеріс жүргізген.

"Бұл оқиғаға Қуаттың еш қатысы жоқ. 9 мамыр күні басқа клиентпен Қуат сияқты жағдай болады. Клиент тонау бойынша шағым жасайды. Алайда полиция тонауды дәлелдей алмай, "Бұзақылық" бабы бойынша бір азаматты жазаға тартады. Сол кезде осы видеоны олар интернетке жүктеп жіберген",-дейді адвокат мырза.

Бүгінде видеодағы полиция қызметкері жұмыстан босатылған. Бұл туралы қорғаушы мырзаның айтар өзі ойы бар: "Оны "мемлекеттік қызметкердің тәртіп бұзғаны үшін" деп жұмыстан шығарған. Меніңше, видео таралған соң бастықтары мәселенің ақ-қарасын анықтамай, бастысы халықты еш шулатпау үшін бірден жұмыстан шығарған. 10 мамыр видео тарайды, ал 11-мамыр таңертең бұл кісіні жұмыстан босатады", - деді адвокат.

Сондай-ақ Рүстем Абдузаитұлы мырза біздің қоғамдағы мемлекет қызметкерлерінің құқықтарының қорғалмайтындығына наразылығын білдірді.

"Біздің қоғамда мемлекет қызметкеріне қатысты видео тараса бірден жұмыстан шығаруға асығып тұрады. Бастықтары қоғамның шулап кетуінен, артық әңгімеге қалудан қорқады. Сондықтан, полиция қызметкерлері тіпті өздерінің заңды құқықтарын қолдана алмайды. Қорқады. Әйтеуір, абайлап жүруге тырысады. Мысалы, полиция қызметкері мүгедек арбасындағы адамды ұрды-соқты деген видео тарады. Басы қиылып қалған. Ал, кейін мұқият зерттеп, іздеген кезде мәселенің мән-жайы, кімнің ақ екені белгілі болды. Бұл жерде де дау шыға бастағанда оңай құтылғысы келген. Бұл менің жеке ойым", деді қорғакшы. 

12мамыр күні Медеу ішкі істер басқармасына экс-полиция қызметкері мен оның қорғаушысы қарсы жаққа шағым түсірген. Қазіргі таңда 389-баппен "Өзінше билік ету" деген баппен қылмыстық іс қозғалған.

"Мен адвокат ретінде 1-2 қылмысты көріп тұрмын. Сол бағытта жұмыс жасаудамыз. Қазір біздің анықтағанымыз бұл салон екі рет карантин режимін бұзды деп әкімшілік жазаға тартылған. Бірақ, одан кейін де жұмыстары тоқтатылмаған. Менің ойымша, мұндай іс-әрекеттер бұл орталықтың артынан мықты біреудің тұрғанын көрсетеді. Қылғындырып заңсыз тінтіп, куәлігін шығарады. Тіпті, полиция қызметкері екенін көрсе де бомсалауды қоймаған. Негізі ол кезде менің клиентім жұмыс уақытынан кейін барған. Сап-сау, ешқандай ішімдік ішпеген. Ешқандай қызметін асыра пайдаланбаған. Сондықтан, біз әділдіктің жеңетініне сенеміз", - деп сөзін аяқтады.

Айта кетейік,  айыпталған полиция бөлімінің қызметкері құқық қорғау органының беделін түсіретін әрекетке барды деп қызметінен кеткен еді. 

Талқылау