"Сен кімсің, жаңа қаһарманым": Павлодар облысы әкімдігі караокеде ән айтқан шенеуніктің видеосына түсініктеме берді
Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың караокеде түскен видеосына әкімдік түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеокадрдан скриншот
Асқар Әжмұрат өңірдің құрылыс басқармасы басшысы болып тағайындалғаннан кейін келесі күні оның 19 секундтық видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Кадрда ер адам дастархан фонында 90-жылдардағы "Жаңа қаһарман" әнін орындаған.
"Жаңа қаһарман" Асқар Әжмұрат пен оның командасы Павлодар облысының құрылыс басқармасының бастығы қызметіне тағайындалуын қатты тойлап жатқанға ұқсайды", – делінген Telegram арнасының жазбасында.
Комментаторлардың пікірлері екіге жарылды. Бірі көңілді шенеуніктің бұл әрекетін айыптаса, енді біреулер оны қорғап шығып, видеоны желіге жариялағандарды сөкті. Тағы басқалары видео кейіпкерінің достарын таңдау кезінде мұқият болу керек екенін айтып әзілдеді.
Ал Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі видеода болып жатқан жайт мемлекеттік қызметкердің жаңа қызметке тағайындалуын тойлауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
"Бұл желіге тарап кеткен ескі видео. Бұл видеода 2023 жылы болған достар мен сыныптастардың кездесуі көрсетілген. Кездесуге қатысқандардың бірі сол кезде құрылыстың басшысы қызметін атқарған Асқар Әжмұрат еді. Отырыс жұмыстан тыс уақытта өтті және жеке сипатта болды", – деп түсіндірді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мұны Асқар Әжмұраттың өзі де растады. Әлеуметтік желілердегі қызығушылық туралы не ойлайсыз деген сұраққа шенеунік "ешнәрсе" деп қысқаша жауап берді.
Редакция видео авторымен де хабарласып көрген. Ол Асқар Әжмұраттың курстасы әрі досы Ерболат Жетібаев болып шықты. Ер адамның айтуынша, ол видеоны 2024 жылдың наурыз айында түсірген.
"Бұл менің видеом, мен оны биыл 7 наурызында әйелдерімізбен мерекені тойлаған караокеде түсірдім. Бейнені ортақ достардың чатына жүктедім. Бұдан кейін қалай әлеуметтік желіге жарияланғанын білмеймін. Мүмкін түрлі ақпараттық желілер мұны дүрліктіру үшін қолданған шығар. Басқа түсініктеме көріп тұрған жоқпын", – деді ер адам.
Айта кетейік, 17 шілдеде өткен аппарат отырысында Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов облыстық құрылыс басқармасының жаңа басшысы ретінде 48 жастағы Асқар Әжмұратты таныстырды. Мемлекеттік қызметкер тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының құрылыс бөлімін басқарған.
Заңнамада мемлекеттік қызметкерлердің мұндай мекемелерге баруына тікелей тыйым салынбаған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте тұрғын үй басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушыны ақша жымқырды деген күдікпен әкімнің отырысы кезінде ұстап әкеткенін жазған едік. Резонансты жағдай бойынша сот процесі басталды. Шенеунікке мүлікті аса ірі мөлшерде иемденді деген айып тағылып отыр. Антикордың мәліметінше, оларға берілген қаражат Шымкенттегі 216 тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын техникалық тексеруге жұмсалуға тиіс еді. Бұл жұмыстардың мердігері де ұсталған.