Көкшетауда ақын Жақан Сыздықовтың 125 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Көкше өңірінің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, аудармашы, журналист Жақан Сыздықовтың туғанына 125 жыл толуына орай әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, сондай-ақ Жақан Сыздықовтың ұрпақтары қатысты.
Кеш шымылдығы Жақан Сыздықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Онда ақынның ғибратты ғұмыры, әдебиет пен журналистика саласындағы еңбегі, замандастары арасындағы беделі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы көрініс тапты.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен сөз болып, оның әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан үлесі жан-жақты сараланды. Зиялы қауым өкілдері қаламгердің шығармашылығы жайында өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Нұртас Ахатұлы өз сөзінде:
"Жақан Сыздықов – қазақ әдебиетінің даму кезеңдерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Оның шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбек адамына деген құрмет және елдік рух айқын сезіледі. Осындай тұлғалардың мұрасын насихаттау арқылы біз ұлттық жадымызды жаңғыртып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет етеміз", – деп атап өтті.

Іс-шараға арнайы Алматы қаласынан келген ақынның немересі Бақытжан Арыстанұлы атасы туралы естеліктерімен бөлісті.
"Мен – Жақан Сыздықовтың үлкен ұлы Арыстанның баласымын, атамыздың туған немересімін. Атамыздың үлкен ұлынан тараған он немересі бар – бес ұл, бес қыз. Алматыда тұрған кезімізде атамызбен көп уақыт бірге өткіздік. Біздің үйдің маңында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сырбай Мәуленов, Қасым Тоғызақов, Әбу Сәрсенбаев секілді қаламгерлер тұрды. Олар атамыздың жақын достары болатын. Осындай ортада өсіп, атамыздың өнегесін көру біз үшін үлкен мектеп болды", – деді ол.
Ал Тараз қаласынан келген немересі Гүлжан Сыздықова бұл шараның өзі үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
"Мен атамыздың туған жеріне арнайы келіп, тағзым етуді парыз санадым. Қырық жыл ұстаздық қызмет атқардым. Бүгінгі кеште атамыздың есімі ұлықталып, шығармашылығы дәріптеліп жатқанына ерекше қуаныштымын. Қазақ елі Жақан Сыздықовтай тұлғаларын ұмытпай, құрмет көрсетіп отырғанына ризашылығымды білдіремін. Бұл шараға бауырларымызбен бірге арнайы келдік", – деді ол.

Айта кетейік, Жақан Сыздықов 1901 жылы Көкше жерінде дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін мемлекеттік қызмет пен журналистика саласында жемісті еңбек етті. Ол әр жылдары "Бостандық туы", "Қызыл Түркістан", "Оңтүстік Қазақстан", "Сталин жолы" секілді басылымдарда жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағында, мемлекеттік баспада және республикалық Радио комитетінде жұмыс істеген.
Ақынның алғашқы "Еңбек жемістері" жинағы 1928 жылы жарық көрді. Кейін "Найзағай", "Толқын", "Қызғалдақ", "Табыс", "Жартас", "Асулар", "Алтын қалам" сынды жыр жинақтары оқырманға жол тартты. Ұлы Отан соғысы жылдарында оның жалынды жырлары майдандық басылымдарда жарияланып, жауынгерлерге рух берді.
Жақан Сыздықов төл әдебиетіміздің дамуына ғана емес, әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне аударуға да зор үлес қосты. Ол Лев Толстойдың "Арылу" романын, татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың өлеңдері мен поэмаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерейтойлық шараның басты мақсаты – көрнекті қаламгердің рухани мұрасын дәріптеу, оның шығармашылығы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеу.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды