Ақтауда әкімдіктің рұқсатынсыз тегін гүл таратқан кәсіпкер айыппұл арқалады (видео)

Ақтаулық кәсіпкерге ашық аспан астында өткен жаппай іс-шара кезінде гүлдерді тегін таратқаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдік қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында 13 маусымда Ақтау жағалауында өткен би кешіндегі құқық бұзушылықты анықтаған.
Әкімдік мәліметінше, кәсіпкерлердің бірі әкімдіктің алдын ала рұқсатынсыз іс-шараға қатысушыларға тегін гүл таратқан.
Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп аталған кәсіпкермен түсіндіру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Әкімдік мәліметінше, қоғамдық орындарда жарнамалық акциялар өткізу, сондай-ақ гүл, азық-түлік, киім және басқа да тауарларды тегін тарату уәкілетті мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісуді талап етеді. Мұндай келісім болмаған жағдайда ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде дүкеннің ашылуында тегін тамақ пен аяқкиім таратқан кәсіпкер 5 тәулікке қамалғаны туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз