Бір аптаға 140 мың теңге: Қазақстан курорттарындағы демалыс бағасы қанша

Қазақстандағы турбазада бір апталық демалыс осы жазда орта есеппен екі адамға 140 мың теңге шамасында болады. Демалыс құны өңірлерге қарай өзгеріп отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ranking.kz талдауында, ресми сайттары мен әлеуметтік желілеріндегі ашық деректер негізінде екі адамға арналған стандартты нөмірлер мен демалыс үйлерінің ең төменгі және ең жоғары бағалары есепке алынған.
Ең арзан тарифтер маусым айының алғашқы жартысында ұсынылса, орташа бағалар маусымның соңы мен шілденің ортасына дейін сақталады. Ал ең жоғары бағалар шілденің екінші жартысы мен тамыз айында белгіленеді.
Өңірлер бойынша демалыс базалары, кемпингтер мен қонақ үйлердегі орналастыру құны айтарлықтай ерекшеленеді. Биыл маусым айында екі орындық нөмірдің орташа тәуліктік бағасы шамамен 20 мың теңгені құрайды. Бір апталық демалыс үшін орта есеппен 140 мың теңге төлеуге тура келеді. Бұл сомаға балаларды орналастыру, тамақтану, сауықтыру қызметтері мен ойын-сауық шығындары кірмейді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ел өңірлері қала сыртындағы демалыс орындарының саны жағынан да айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл демалыс аймақтарының болуы мен инфрақұрылымының даму деңгейіне байланысты. Дегенмен әр өңірде әртүрлі бюджетке сай нұсқалар бар.
Ең арзан демалыс нұсқаларының бағасы тәулігіне шамамен 10 мың теңгеден басталады. Мұндай қаражатқа демалушыларға қажетті жағдай жасалмаған қарапайым бөлмелер, контейнерден жасалған орындар немесе ескі шағын ағаш үйлер ұсынылуы мүмкін. Осындай ұсыныстар Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары сияқты жағажай туризмімен танымал өңірлерде де кездеседі. Әлеуметтік желілерде тәулігіне 10 мың теңгеден төмен бағалар да жарияланады, бірақ олар көбіне бір адамға арналған.
ОқыңызТәулігіне екі адамдық жайлы нөмір үшін ең жоғары баға шегі 40–50 мың теңге аралығында болатын өңірлерге Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Қостанай және Қарағанды облыстары жатады. Бұл санатқа Алматы қаласы да кірді, себебі талдау барысында тек қала аумағындағы демалыс орындарының деректері қарастырылған.
Ең қымбат демалыс өңірі – Ақмола облысы. Мұнда баға деңгейін туристік қызметтер кең дамыған әрі сұранысы жоғары Щучье-Бурабай курорттық аймағы айқындайды. Үш бөлмелі люкс санатындағы екі орындық нөмірдің тәуліктік құны тамақтанумен бірге 108 мың теңгеге дейін жетеді. Бір апталық демалыс құны 700 мың теңгеден асады. Бұл сома Түркия, Таиланд немесе Вьетнамға жолдамамен бару бағасымен шамалас.
Премиум санаттағы бағасы жоғары өңірлер қатарына Шығыс Қазақстан, Алматы және Ақтөбе облыстары да кіреді. Бұл аймақтарда тәуліктік орналастыру құны 90 мың теңгеге дейін жетеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарының көпшілігі көрсетілген қызмет көлемін арттырған. Мейрамханасы бар қонақ үйлер өткен жылдың қаңтар–желтоқсан айларында 248,1 млрд теңге қызмет көрсеткен (19,5%-ға өсім). Екінші орында мейрамханасы жоқ қонақ үйлер тұр. Олар 54,6 млрд теңгеге (14,8%-ға өсім) қызмет көрсеткен. Көрсетілген қызмет көлемі бойынша үздік үштікке жаз мезгілінде танымал бір қабатты үйлер, бунгало, коттедждер де кірген. Мұндай демалыс орындары 25,6 млрд теңгеге (13%-ға өсім) қызмет көрсеткен.
Айта кетейік, жоғарыда аталған үш санат орналастыру орындарының саны бойынша да көш бастап тұр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында мейрамханасы жоқ қонақ үйлер саны 1,6 мыңға жетіп, бір жыл ішінде 6%-ға өскен. Демалысқа жалға берілетін ресми тіркелген үйлердің саны шамамен 1,4 мыңды құрап, 3%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросы мамандары өткен жылы Қазақстан азаматтарының ел ішінде де, шетелде де жұмсайтын шығындарына зерттеу жасаған кезде, ел ішіндегі сапарлар кезінде орналастыру орындарында тұруға жұмсаған шығындары 5,8%-ға артқаны белгілі болды.
Аймақтық тұрғыда жағдай айтарлықтай әртүрлі. Мысалы, Маңғыстау облысында демалысқа жұмсалатын шығындар 4 есеге өскен, ал Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Сондай-ақ жоғары өсім Актөбе (75,9%-ға), Алматы (70,4%-ға) және Түркістан (55,5%-ға) облыстарында да байқалған. Шымкент қаласы мен Атырау облысының тұрғындарында қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындарына жұмсалатын шығындар айтарлықтай өзгермеген. ҰСБ деректері негізінде жасалған есептерге қарағанда, кейбір өңір тұрғындарының ел ішіндегі демалысқа жұмсайтын шығындары азайған жағдайлар да кездеседі. Мәселен, Астанада (42,3%-ға төмендеу), сондай-ақ Қызылорда (2,3 есе аз) және Ұлытау (11,7%-ға аз) облыстарында осындай үрдіс байқалған. Теріс динамиканың себептерін "жағымсыз құбылыс" деп бағалау дұрыс емес, себебі бұл өңірлердің тұрғындары ішкі сапарлар мен шетелдік турлар арасында таңдау жасауы мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандықтар қай елге саяхаттап, қанша қаржы жұмсайтынын жазғанбыз.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды