Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Демалыс маусымы: Қазақстандықтар қай елге саяхаттап, қанша қаржы жұмсайды

саяхат
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

2025 жылы Қазақстаннан шетелге 11,8 миллион адам шыққан. Оның ішінде тек 417,1 мыңы ғана туристік мақсатпен сапарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алдымен шетелге шығушылар мен туристердің екі бөлек санат екенін атап өткен жөн. Демек шетелге шығатындардың бәрі бірдей турист емес. 2025 жылы Қазақстаннан шетелге шыққан азаматтардың саны (жұмысқа немесе тұрақты тұруға емес) 11,8 миллион адам болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға аз.

10,2 миллион адам шетелге жеке мақсаттармен барған. Ал туристік мақсатта шыққандар саны 417,1 мың адам. Сонымен қатар 17,5 мың адам зиярат етуге, 5,6 мың адам емделу үшін шетелге барған.

Жалпы сапар бағыттарына қарасақ, қазақстандықтар ең көп баратын елдер – Ресей (3,1 миллион адам), Өзбекстан (2,9 миллион адам) және Қырғызстан (2,6 миллион адам).

Ал туристік мақсаттағы сапарлар үшін қазақстандықтар мүлде басқа елдерді таңдайды. Өткен жылы негізгі туристік бағыттар Қытай (32,9%) мен Түркия (29,5%) болды. Айта кетерлігі, 2024 жылы бірінші орында Түркия тұрған. Алайда Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара туристік бағдарламалар бұл жағдайды өзгертіп, Қытайға барған қазақстандық туристер саны 137,3 мың адамға жетті (бір жылда 8,7%-ға өскен).

Сонымен қатар қазақстандық туристер арасында Мысыр (43,1 мың адам), Грузия (31,8 мың адам), Біріккен Араб әмірліктері (22,6 мың адам) және Вьетнам (13,5 мың адам) да сұранысқа ие бағыттар қатарында.

саяхат
Фото: ranking.kz

 

Фото: ranking.kz

Сапар мен саяхатқа кететін шығын

Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстаннан шетелге шыққан азаматтардың жалпы шығыны 475 миллиард теңге болды. Бұл көрсеткіш бір жылда 26,7% өскен.

Ең ірі шығын бабы – туристік жолдамалар мен жол жүру билеттері: 154,4 миллиард теңге. Сонымен қатар қонақүй және өзге орналастыру орындарына 98,1 миллиард теңге, ал тамақтануға 74 миллиард теңге жұмсалған.

Тауар сатып алуға кеткен шығын 54,7 миллиард теңге, ал халықаралық тасымалдан бөлек көлік шығындары 34,2 миллиард теңге болды.

Жалпы, арнайы банк өнімдерін пайдалану шетелдегі шығындарды тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді. Соның арқасында сапарлар да анағұрлым үнемді әрі қолайлы бола түседі.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 16:10