"Ордабасы" футбол клубы сатылды, бірақ иесі кім екені әзірге құпия

Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына тиесілі “Ордабасы” футбол клубы сатылды. Клубтың 100% мемлекеттік акциялар пакеті 16 маусымда электрондық сауда арқылы өткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Клубтың сатылу бағасы бастапқы құнынан небәрі 1000 теңгеге жоғары болды – 156,9 миллион теңге. Сауда қайта жарияланған кезде лоттың бастапқы бағасы 156,9 миллион теңге болып белгіленген еді.
Алғашында “Ордабасыны” 224,2 миллион теңгеге сату жоспарланған. Бұл клубтың бағалау құнымен сәйкес келген. Алайда 2026 жылы 28 мамырға белгіленген алғашқы аукцион өтпей қалды. Себебі сатып алуға ниет білдірген бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Осыдан кейін қайта сауда жарияланып, клубтың бағасы 67,3 миллион теңгеге төмендетілді.
Сауда шарттарына сәйкес клубты жалғыз қатысушыға сатуға рұқсат етілген. Лот карточкасындағы мәліметке қарағанда, сатып алуға бір ғана өтінім түскен. Әзірге сатып алушының аты-жөні ресми жарияланған жоқ.
Бұған дейін ықтимал сатып алушы ретінде Integra Construction KZ құрылыс компаниясының бенефициары, тау-кен металлургия саласындағы активтерді сатып алып жүрген кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің есімі аталған еді. 2026 жылдың ақпанында оның компаниясы мен Шымкент әкімдігі “Ордабасы” клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған.
2026 жылы Шахмұрат Мүтәліп алғаш рет Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің рейтингіне енді. Оның байлығы 482 миллион доллар деп бағаланып, тізімде 22-орынға жайғасты. 2026 жылдың мамырында кәсіпкер ERG компаниясының 39,3% үлесін сатып алған. Оған қоса наурыз айынан бері “Алтыналмас” алтын өндіруші компаниясын сатып алу процесін жүргізіп жатыр.
Ал Integra Construction KZ Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ірі компаниялар арасында 12-орында тұр. Компанияның табысы 418,8 миллиард теңге. Ал таза пайдасы 35,4 миллиард теңге.
Сатып алушы клубтың спорттық бағытын кемінде 10 жыл бойы сақтауға міндетті. Сонымен қатар:
- қызметкерлердің кемінде үштен екісін жұмыста қалдыруы;
- өз қаражаты есебінен шетелдік футболшылар мен мамандар тартуы;
- “Ордабасының” Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстарға Шымкент қаласының атынан қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан бөлек, жаңа меншік иесі балалар және әйелдер футболын дамытуға міндеттеледі.
Сонымен қатар алдағы 10 жыл ішінде клуб акцияларының 100%-ын кепілге қоюға немесе оларға қандай да бір ауыртпалық салуға тыйым салынады. Ал Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімінсіз клубтың атауы мен логотипін өзгертуге болмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Мамыр айында Шахмұрат Мұтәліп Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубын қаншаға сатып алатыны белгілі болғаны туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз