Батыс Қазақстанда мас күйде қызметтік көлік жүргізген ауыл әкімін жұмыстан шығару ұсынылды

Батыс Қазақстан облысында қызметтік автокөлікті мас күйде басқарған ауыл әкімі Этика жөніндегі кеңестің қарауына түсті. Бұған дейін де тәртіптік жаза алған шенеунікті қызметінен босату ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысында қызметтік көлікті мас күйде басқарған ауыл әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Этика жөніндегі кеңес Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинді қызметінен босатуды ұсынды.
17 маусымда өткен кеңес отырысында мемлекеттік қызметкердің тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың айтуынша, оқиға биылғы 12 наурызда болған. Полиция қызметкерлері әкімді жұмыс уақытында қызметтік автокөлікті мас күйде жүргізіп келе жатқан жерінен тоқтатқан.
Аталған дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Алғашқы сот инстанциясы әкімнің пайдасына шешім шығарғанымен, кейін апелляциялық сот бұл шешімді қайта қарап, күшін жойған.
Этика жөніндегі кеңестің мәліметінше, Биболат Зинуллин бұған дейін де тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оған "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" түріндегі жаза қолданылған. Өткен жылдың қазан айында кеңес оның аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударуына байланысты ісін қараған болатын.
Осы жағдайларды ескере отырып, Этика жөніндегі кеңес ауыл әкімін қызметінен босатуды ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Норма 2020 жылдан бері қолданыста. Мәжіліс депутаты Николай Арсютин жазасының жартысынан көбін өтеген азаматтар үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 4 жылға дейін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Алайда ІІМ бұл мәселедегі ұстанымы өзгермейтінін айтып, мас күйде көлік жүргізуге қатысты "мүлдем төзбеушілік" қағидатын сақтайтынын мәлімдеді. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мұндай құқық бұзушылықтар адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз