Алматыда 1-сыныпқа қабылдау: Ата-аналардан тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжаттар талап етілген

Алматыда болашақ бірінші сынып оқушыларының ата-аналарынан жылжымайтын мүлкі барын растайтын құжаттарын немесе жалға алу шартын көрсету талап етілуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
10 маусымда 2026–2027 оқу жылына бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Ата-аналардың айтуынша, Алматыдағы бір мектеп ата-аналардан оқушының ата-анасы немесе оның ең жақын туыстары баланың тіркелген мекенжайындағы тұрғын үйдің меншік иелері екенін дәлелдеуді талап еткен. Сонымен қатар үй немесе пәтер міндетті түрде осы мектеп бекітілген аумаққа кіретін ауданда орналасуы керек. Яғни, оқу орны білім беру қызметін көрсететін аумақта тұратын тұрғындарға ғана қатысты екені айтылған.
Қиындыққа тап болған ата-аналардың бірі – Яна Ваганова. Оның өз пәтері бар, бірақ ол басқа қалада орналасқан. Ал Алматыда ол ұзақ мерзімді іссапармен жүріп, уақытша тіркеумен тұрып жатыр.
Әйел ұлын мектепке портал арқылы құжат тапсырып, оқуға орналастырмақ болған. Алайда өтініші қабылданбай қалған. Себебі отбасының жалдап тұрып жатқан үйі микроучаске бойынша сол мектепке тиесілі болғанына қарамастан, жүйе уақытша тіркеуді ескермеген.
Кейін Яна мектепке жеке өзі барып, жағдайды түсіндіруге тырысқан. Алайда онда оған жаңа талап енгізілгені айтылған: ата-аналар мен балалардың тіркеуі тек тұрақты болуы тиіс. Оның айтуынша, кейбір мектептерде бұл талап электронды жүйенің кемшілігімен байланысты болса, енді біреулер оны оқушылар санын реттеу және сыныптарды 40 емес, 25 оқушыдан артық толтырмау мақсатымен түсіндіреді.
ОқыңызАлматы қалалық білім басқармасы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берудің орнына, өздерінің Instagram парақшасына сілтеме жасаған. Ведомство таратқан жазбада болашақ бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына арналған ақпараттық мәлімет берілген.
Алматыда биыл 214 мемлекеттік мектеп бірінші сынып оқушыларын қабылдауда. Маңыздысы – құжаттар тізімінде меншік құқығын растайтын немесе ресми жалға алу туралы келісімді міндетті түрде ұсыну талабы жоқ. Білім басқармасының мәліметінше, жүйе ата-аналар мен балалардың тұрақты және уақытша тіркеуін өзі көре алады, әрі олардың екеуі де жарамды болып саналады.
Мұндай талаптарға қатысты пікірлердің астарында қаладағы демографиялық және инфрақұрылымдық жүктеменің артуы жатқаны айтылады. Мегаполисте оқушылар саны көбейіп, ата-аналар баласын "үздік" деп есептелетін мектепке беру үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін апаруға дайын. Бұл өз кезегінде қаладағы көлік қозғалысын арттырып, "Мектеп автобусы" мемлекеттік жобасының шығындарын да көбейтеді. Жыл басында бұл жобаны зерттеу барысында ең ұзақ мектеп автобусы бағыты 110 шақырымға жететіні хабарланған болатын.
Алматыдағы №90 мектеп-лицейінің директоры Бұлбұл Оспанбек басылымыға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде туындайтын жағдайлар туралы айтып берген.
“Әрине, мектепке қабылдау кезінде микроучаске бойынша тұратын балаларға басымдық беріледі. Бұл әрі ата-анаға, әрі оқушыға ыңғайлы. Алайда құжаттарды тексеру барысында бір мекенжайға 11 оқушы тіркелген жағдайларды анықтадық. Олар бір-біріне туыс емес, мүлде бөтен адамдар. Дегенмен кейбір ата-аналар мұндай әрекетке барады, сондықтан мектеп баланың нақты қайда тұратынын, оқу орнын және демалыс жағдайын тексеруге құқылы. Бір жағдайда әйел көрсетілген мекенжайда тұратынын айтқанымен, тексеру ұсынылғанда бас тартты. Кейін ол пәтерді өзі жалдап алып, оны тәуліктік жалға беретінін мойындаған. Бұл – мегаполистегі ортақ мәселе. Осындай жағдайлар салдарынан микроучаске бойынша тиесілі балалар мектепке түсе алмай қалады. Сондықтан біз кейде тұратын жерін растайтын құжаттарды, мысалы, жалға алу келісімшартын сұратуға мәжбүрміз”, – дейді Бұлбұл Оспанбек.
Білім басқармасының нақтылауынша, қабылдау тәртібінде "3-ке 1" қағидасы қолданылады: төрт орынның үшеуі міндетті түрде мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын балаларға беріледі. Ал бір орын бос болған жағдайда ғана микроучаскеге кірмейтін балалар қабылдануы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 1-сыныпқа қабылдау кезең-кезеңімен басталатыны туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды