Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы мерекелер санын қысқарту ұсынылды

күнтізбе
Фото: magnific.com

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстандағы кәсіби мерекелер жүйесін қайта қарап, жекелеген мемлекеттік органдарға арналған атаулы күндерден бас тартуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
Пономарёвтің айтуынша, кәсіби мерекелер елдің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетудің белгісі болуы тиіс. Алайда бүгінде Қазақстанда 74 кәсіби мереке бар болса, олардың шамамен 20 пайызы нақты мамандықтарға емес, мемлекеттік мекемелердің құрылған күндеріне арналған.

"Біз еңбек адамын ұлықтағымыз келеді, бірақ іс жүзінде ведомстволардың құрылған күндерін атап өтіп жүрміз", – деді депутат.
Оның пікірінше, кәсіби мерекелердің шамадан тыс көбеюі олардың маңызын төмендетіп отыр. Мысал ретінде ол журналистер мерекесін келтіріп, атауы мен күні бірнеше рет өзгергендіктен, көпшілік оның нақты қай күні тойланатынын да ұмыта бастағанын айтты. Айта кетейік, Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні жыл сайын 28 маусымда атап өтіледі.

Сондай-ақ депутат кәсіби мерекелердің күнтізбе бойынша біркелкі бөлінбегеніне назар аударды. Оның сөзінше, қазан айында бірден 15 кәсіби мереке бар, яғни орта есеппен әр екі күн сайын бір мереке тойланады.

Бұдан бөлек, ол білім беру саласындағы мерекелер жүйесін де сынға алды. Қазір бұл салада үш бөлек мереке белгіленген: Мұғалімдер күні, Жоғары білім қызметкерлері күні және Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні.

"Халық арасында кеңінен танылған әрі шын мәнінде мойындалған мереке – Мұғалімдер күні ғана", – деді мәжілісмен.

Осыған байланысты Сергей Пономарев:

  • кәсіби мерекелерді белгілеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеуді;
  • қолданыстағы мерекелер тізіміне ревизия жүргізуді;
  • қайталанатын және тар ауқымды мерекелерді бір салалық мерекеге біріктіруді;
  • кәсіби мерекелер тізімін министр бұйрығымен емес, Үкімет қаулысымен бекітуді;
  • тізімді екі жыл сайын қайта қарап отыруды ұсынды.

Депутаттың пікірінше, бұл қадамдар кәсіби мерекелердің бастапқы мәнін қалпына келтіріп, еңбек адамдарына деген құрметті арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін 2026 жылдың сәуірінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда 30 тамыз Конституция күні енді демалыс күні болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты мерекелік күнтізбе қайта қаралып, бұрынғы демалыс күні алынып тасталған. Сондықтан 2026 жылы 30 тамыз қазақстандықтар үшін кәдімгі жұмыс күні болады. Бұған дейін бұл дата мемлекеттік мереке ретінде атап өтіліп, азаматтарға қосымша демалыс беріліп келген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 17:54