Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дастан Сәтпаев "Қайрат "сапындағы Алматыдағы соңғы ойынына шықты

Дастан Сәтаевтың соңғы ойыны
Фото: Stan.kz / ФК Қайрат

Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан премьер-лигасының кейінге шегерілген 17-ші туры аясындағы ойыны басталды. “Қайрат” өз алаңында петропавлдық “Қызылжарды” қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл матч қазақстандық футбол үшін ерекше мәнге ие. Өйткені бұл 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевтың “Қайрат” сапында Алматыдағы соңғы ойыны. Жас футболшы негізгі құрамға енді. 

Дастан Сәтпаев қазір отандық футболдың ең үміт күттіретін ойыншыларының бірі саналады. Бұған дейін оның лондондық “Челсиге” ауысатыны белгілі болған. Трансфер сомасы 4,3 миллион еуроға бағаланып, бұл қазақстандық футбол тарихындағы рекордтық келісімдердің бірі ретінде аталды.

Бастапқыда Дастан ағылшын клубына 18 жасқа толғаннан кейін, тамызда қосылады деп жоспарланған еді. Алайда “Челси” тарапы “Қайратқа” ресми хат жолдап, футболшыны Лондонға ертерек шақырған. Соған сәйкес Сәтпаев 26 маусымда Англияға аттанып, 29 маусымда “Челсидің” негізгі командасымен бірге маусымалды дайындық аясында Аустралияға жол жүреді.

 

Дастан Сәтпаевты қолдау
Фото: Stan.kz

Айта кетейік, 17 маусымдағы “Қайрат” – “Қызылжар” ойыны Дастанның Алматыдағы жанкүйерлерімен қоштасу матчы болмақ. Ал 21 маусымда ол “Қайрат” жейдесіндегі соңғы ресми кездесуін Петропавлда дәл осы “Қызылжарға” қарсы өткізеді.

Осылайша, қазақ футболының жас жұлдызы “Қайраттағы” кезеңін аяқтап, мансабындағы жаңа әрі жауапты белеске қадам басқалы тұр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 19:39