Сайлау күні құқық бұзушылық жасаған 42 адам жауапқа тартылды – Орталық сайлау комиссиясы
Сайлаудың түпкілікті қорытындысын жариялау кезінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров дауыс беру күні тіркелген заңға қайшы әрекеттер туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.
"Дауыс беру күні сайлау заңнамасын сақтау шеңберінде учаскелік сайлау комиссиялары тиісті құқықтық жауапкершілік шараларын қолданды. Осылайша, заңды бұзғаны үшін учаскелік комиссиялардың шешімімен олардың жұмысына қатысудан 19 мүше дереу шеттетілді. Аталған ақпараттық материалдардың әлеуметтік желілерде таралуына және сайлау комиссияларына осындай өтініштердің түсуіне байланысты біз Бас прокуратураға 19 наурыз – сайлау күні тексеру және құқықтық бағалау жүргізу туралы сұрау салу жібердік", - деді ОСК төрағасы.
Оның айтуынша, Бас прокуратура ұсынған ақпаратқа сай, сайлау күні күні 42 адам құқық бұзушылық жасап, әкімшілік жауапқа тартылған.
"Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 42 адам құқық бұзушылық жасап, олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 7 учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бап бойынша айыппұл салынды. Алайда осы әрекеттер азаматтардың ерік білдіру нәтижесіне әсер етпеді және сайлау округіндегі немесе тиісті әкімшілік аумақтық бірліктегі сайлау нәтижесін сенімді түрде анықтауға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін отбасылық дауыс беру дәстүрі, яғни отбасы мүшелері мен басқа да жақындары үшін дауыс беру, дауыс беруге арналған кабинада бір мезгілде бір адамнан артық болу дәстүрі және тағы басқа кемшіліктер әлі де жойылған жоқ", - деп мәлім етті Нұрлан Әбдіров.