Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Sam Sam Шымкентте: Оңтүстік Африкадан келген спиннинг шебері көрермендерді тәнті етті

Оңтүстік Африкадан келген Red Bull атлеті Самкелисо "Sam Sam" Тубане Шымкентте өткен мотошоуда ерекше өнер көрсетіп, африкалық тауншип мәдениеті мен Қазақстанның автоспорт атмосферасын бір сахнада тоғыстырды.

Шымкент демалыс күндері BMW әуесқойлары, дрифт жанкүйерлері және көше автоспортына қызығатын мыңдаған көрермен жиналған үлкен шоу алаңына айналды. Кештің басты жұлдызы — әлемдегі спиннинг бағытындағы алғашқы Red Bull атлеті саналатын Sam Sam болды.

Оның өнері екі түрлі мәдениетті біріктірген ерекше шоуға айналды. Қозғалтқыш үні, дөңгелектен шыққан түтін, трибуналардағы энергия мен дәл орындалған трюктер көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды.

BMW E30-дан басталған жол

Sam Sam-ның автоспортқа жолы Оңтүстік Африканың Мпумаланга провинциясындағы шағын Хейзивью қаласынан басталған. Ол бала кезінен көлік пен мотоциклге қызыққан. Бұл жолда әкесінің рөлі ерекше болды — ол 12 жасында Самға алғашқы BMW E30 көлігін алып берген.

"Бұл өте қымбат спорт еді: жиі бұзылу, жөндеу, шығын көп болатын. Бірақ әкем әрқашан қолдау көрсетті", — дейді спортшы.

Кейін ол достарымен бірге Numbi командасын құрып, 2012 жылы Numbi Gate Spincity алаңын ашты. Бұл жер Оңтүстік Африкадағы спиннинг жарыстары өтетін танымал орталыққа айналды.

Неге дәл спиннинг?

Sam Sam бұл спортты эмоциясы мен көрерменмен тікелей байланысы үшін таңдағанын айтады. Оған уличный шоу форматтары және Jeff James, Terminator, Magesh сияқты аңыз спортшылар үлкен әсер еткен.

"Маған көрермен энергиясын сезіну ұнайды. Спиннингте ол толық сезіледі", — дейді ол.

Бүгінде оның өнері жай ғана көлік айдау емес, нағыз шоу перформанс: дәлдік, трюктер және ерекше маневрлер үйлесім тапқан көрініс.

Трюктер мен тәжірибе

Sam Sam-ның бағдарламасында қозғалыста көліктен шығу, қарсыластармен динамикалық әрекет, кедергілерден өту және жоғары жылдамдықтағы күрделі маневрлер бар.

Ол жастарға бірден күрделі трюктерге ұмтылмай, кезең-кезеңмен үйренуді және көп жаттығуды ұсынады.

2025 жылы Австриядағы Red Bull Hangar-7 шоуы оның ең ірі өнер көрсетулерінің бірі болды — оны шамамен 20 мың көрермен тамашалаған.

Red Bull компаниясымен келісімшартқа отыруды ол мансабындағы маңызды кезең деп санайды. Бұған дейін ол Spinrace және Red Bull Shay’iMoto (2021–2022) жарыстарында жеңіске жеткен.

Шымкент әсері

Sam Sam Шымкентке әлеуметтік желіден көрген видеолар арқылы қызығып келгенін айтады. Қаланы, BMW мәдениетін және жергілікті автосахнаны көріп ерекше әсер алған.

"Мұндағы энергияны бірден сездім. Өзіңді үйдегідей сезінесің", — дейді спортшы.

Оны әсіресе көрермендердің таңнан кешке дейін шоуда отыруы таң қалдырған. Оның айтуынша, бұл Қазақстанда автоспортқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Жастарға ой

Sam Sam жастарға өз жолына сеніп, арманына берік болу туралы айтты.

"Бала кезімде аңыз адамдарға қарап өстім. Бүгін сол сахнада өзім тұрмын. Жақсы көретін ісіңмен айналыс, үйренуден қорықпа. Сонда сенің уақытың да келеді", — дейді ол.
STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 10:06