Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша өзгерістер енгізілді
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биыл 13 шілдеде қол қойылған "Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын-үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану қағидаларына" өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №24 бұйрығымен бекітілген "Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын-үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану қағидаларына" өзгерістер енгізді. Осылайша, енгізілген өзгерістерге сәйкес тұрғын үй сатып алу мақсатында бұрын біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған "Отбасы Банк" АҚ депозиттерінде қаражатты жинақтау мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейін ұзартылды", – делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бөлек, депозитті ерлі-зайыптыларға және (немесе) жақын туыстарына беру жоспарланып отыр.
"Бұл ретте мұндай салымды үшінші тұлғаларға одан әрі беруге жол берілмейді. Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді", – деді министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, сарапшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды қолдамайтынын мәлімдеді. Олар ең болмағанда көп мөлшерде жинағы барларға қаражатты алуға рұқсат ету керек екенін ұсынды. Алайда қор қаражатты үнемі алу болашақта қиындық тудыратынын ескертіп жатыр.
Бұйрықтың мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Еске салайық, бұған дейін сарапшылар тобы ұсынған келесі өзгеріс – БЖЗҚ-ға жұмыс берушілер құятын міндетті зейнетақы жарнасын қолдану жүйесін өзгерту. Бүгінде жұмыс беруші әр қызметкер үшін БЖЗҚ-ға қосымша 5% көлемінде жарна құйып отыруы керек. Сарапшылар жалақы көлемінің 4%-ын жеке зейнетақы шотына аударуды ұсынады. Қазір жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы БЖЗҚ-дағы ортақ есепшотқа түсіп отырады. Сондықтан қолданыстағы зейнетақы жүйесінде шотында ақшасы таусылған адамдарға қатысты қатер ескерілмейді дейді. Мәселен, азаматқа 89-90 жасқа дейін тұрақты түрде зейнетақы төленіп отырса, бұдан кейін ұлттық төлем жүйесінен берілетін төлем тоқтайды. Сәйкесінше азаматтар 90 жастан асқан соң зейнетақы төлемінсіз қалуы мүмкін.