Салық бойынша миллиондаған өсімпұлдары кешірілетін қазақстандықтардың тізімі жарияланды
Салықтар бойынша негізгі қарызын өтеген азаматтардың өсімпұлдары есептен шығарылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Мемлекеттік кірістер комитеті 250 млн.теңгеден асатын сомаға жер, көлік және мүлік салығы бойынша жинақталған қарыздар бойынша өсімпұлды есептен шығаруға мүмкіндігі бар 100 қазақстандық тізімін жариялады. Олардың салық бойынша жалпы қарызы қазіргі уақытта 263 845 620 теңгені құрап отыр. Бұл соманың ішіндегі негізгі қарыз үлесі – 166 150 674 теңге. 97 694 946 теңге – есептелген өсімпұлдар", - деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Антирейтинг тізімінің бірінші орнында Алматы қаласының тұрғыны. Жер салығы бойынша ең көп борыш жинақтаған азамат - Ақтөбе қаласының тұрғыны. Сонымен бірге, қазақстандықтар мүлік салығы бойынша да қарыз жинап үлгерген. Салықтың бұл түрінде рейтингті Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны бастап отыр. Оның жалпы қарызы - 1 165 033 теңге. Ол негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда 422 287 теңге өсімпұлды есептен шығара алады.
"Салық бойынша негізгі қарызын өтеген азаматтардың жинақталған өсімпұлдары есептен шығарылады. Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды. Жеке тұлғалар борыштың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару жөніндегі Ереже ҚР Қаржы министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы №730 бұйрығымен бекітілген", - дейді министрлік.
Сондай-ақ, 2020 жылдың 1 сәуірінен кейін өткен салық кезеңдері үшін негізгі қарыз сомасы мен өсімпұлды төлеген азаматтар қаражатты аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына өтініш беру арқылы қайтарып ала алады немесе болашақ төлемдер есебіне қалдыру мүмкіндігі қарастырылған Мемлекеттік кірістер комитеті алдағы уақытта да жауапсыз салық төлеушілер тізімін жариялауды жалғастыратын болады.
Еске сала кетейік, салықтық рақымшылық 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.