Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шакира Қазақстаннан бұрын Қырғызстанда концерт беруі мүмкін

Шакира
Фото: @shakira

Әлемге әйгілі колумбиялық әнші Шакираның Бішкекте концерт беруі бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Әншінің қараша айында 51 мың көрерменге арналған "Бішкек Аренада" өнер көрсетуі жоспарланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент іс басқармасының мәліметінше, тараптар қазір концерт өткізу шарттарын келісіп жатыр. Әншінің нақты қай күні өнер көрсететіні және концертке қатысты өзге де мәліметтер әзірге белгісіз.

"Бішкек Арена" 51 мың көрерменге арналған, FIFA стандарттарына сай салынған жаңа стадион.

Аренадағы алғашқы ірі шара 31 тамызда өтті. Мұнда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

Шакира Исабель Мебарак Риполь колумбиялық әнші, ән авторы әрі продюсер. Ол 1977 жылы 2 ақпанда Барранкилья қаласында дүниеге келген.

Әлемдік танымалдылыққа 2000-жылдардың басында ие болды. Оның ең танымал әндерінің қатарында Whenever, Wherever, Hips Don't Lie, Waka Waka (This Time for Africa) және La Tortura бар.

Айта кетейік, Шакира әлемдегі ең танымал латынамерикалық орындаушылардың бірі, бірнеше Grammy және Latin Grammy сыйлығының иегері. Музыкалық мансабынан бөлек, қайырымдылықпен айналысып, Колумбиядағы балаларға арналған білім беру жобаларын қолдайды.

Ал апреле 2026 жылдың сәуірінде Шакира Алматыда концерт беруі мүмкін екені айтылған. Дегенмен қос тарап ресми келісімге келмеген еді. Сондай-ақ концерт өтетін орын мен күні де нақтыланбады. 

Алматы бұған дейін де әлемдік жұлдыздардың концерттерін қабылдаған. 2025 жылы америкалық әнші Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен жиналды. Оның 7 мыңға жуығы 35 елден келген шетелдік қонақтар болды. Концерттен қала экономикасына 10 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Ал биыл тамызда Алматыда Канье Уэсттің концерті өтті. Шоуға 31 мың көрермен қатысып, олардың 7 700-ге жуығы шетелден келген. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шетелдік туристердің қалаға әкелген экономикалық әсері шамамен 5 миллиард теңгені құрады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 14:45