13 жасында Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген: Токио Олимпиадасында жүлдеге үмітті Сәкен Бибосынов туралы не білеміз
Токио Олимпиадасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен боксшы Сәкен Бибосынов ширек финалға жолдама алды. Ол Олимпиада ойындарының кезекті кездесуінде франциялық Билал Беннамадан 5:0 есебімен басым түсті. Енді 3-тамыз күні ширек финалдағы қарсыласы испаниялық Габриэль Эскобармен шаршы алаңға шығады.
Бибосыновтың балалық шағы
Кәсіби бокста 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бой көрсетіп жүрген Сәкен Бибосынов 1997 жылы 3-шілдеде Өзбекстанда дүниеге келген. Бала күнінен спортпен айналысып, 13 жасынан бастап жаттығуларын Қазақстанда жалғастырған. Бастапқыда Бибосынов Қызылорда мектеп-интернатында оқып, артынша Түркістан облысына көшіп кетеді.
Сәкен бала кезінен еңбексүйгіштігімен, төзімділігімен ерекшеленген. Ол туралы боксшының алғашқы жаттықтырушысы Қадырбек Қуатбеков былай дейді.
“Біздің ауданда жақсы спортшылар бар, бірақ бәсекелестік әлі де аз, сондықтан мен оны Шымкентке жаттығуға апардым. Кейінірек ол Ұлттық чемпионатқа қатысты, бірақ бұл оның бірінші ірі жарысы болғандықтан, жеңіліп қалды. Алайда келесі жылы ол Қазақстан чемпионатына қайта ілініп, бірінші орынды иеленді”, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қадырбек Қуатбеков.
Сәкеннің басты жанкүйерлерінің бірі анасы – Мухаббат Құдайбергенова. Анасы ұлының жекпе-жектерін көруге жүрегі шыдамайтынын айтты.
-
Токиодағы Олимпиада жүлдегерлері Чиншанло мен Сонға Toyota Camry 70 сыйға тартылмақ
-
Токио Олимпиадасының жүлдегері: Ақшамның бәрін мүгедек інімнің еміне жұмсаймын
“Мен ұлымның жекпе-жегін теледидардан көрмеймін, себебі көрсем, қатты уайымдай бастаймын. Оның жекпе-жегінің нәтижесі туралы басқа адамдардан сұрап білемін. Осы жолы Олимпиаданы да көрмеймін. Бірақ бұл менің Сәкенді қолдамайтынымды білдірмейді. Оның чемпион болып оралатынына сенемін”, – дейді Сәкен Бибосыновтың анасы Мухаббат Құдайбергенова.
Кәсіби Бокстағы жетістігі
Оның кәсіби боксқа келгеніне 6 жылдан асқан. Бибосынов 2015 жылдан бастап кәсіби бокс шаршы алаңында бағын сынап жүр.
Қазіргі таңда боксшының жеке жаттықтырушысы, еліміздегі беделді бапкерлердің бірі Мырзағали Айтжанов.
Бибосынов 2015 жылы Қазақстан жастары арасында өткен ел чемпионатының жеңімпазы болған.
Сәкен 2019 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында боксшысымыз жартылай финалға дейін жетіп, үнділік Амит Пангалуға есе жіберген. Осылайша әлем біріншілігінде қола жүлдегері атанды.
Cонымен қатар, Түркістандық боксшы Сәкен Бибосынов Сербияда өткен халықаралық Belgrade Winner турнирінің жеңімпазы атанды. 52 келіге дейінгі салмақта финалда қырғызстандық Азат Үсеналиевті жеңді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген азулы былғары қолғап шеберлері арасында өткен жекпе-жекте Қазақстанның намысын қорғаған түркістандық Сакен Бибосинов жеңістің шыңын бағындырып, турнирдің жеңімпазы болды. Отандасымыз рингте барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын медаль иеленген.
2021 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында 52 келіде бақ сынаған Сәкен Бибосынов жартылай финалда қарсыласына жол берді. Нәтижесінде, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Сонымен қатар, Бибосынов "Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы" Халықаралық турнирінің жеңімпазы.
- "18 миллион қазақ халқы сенім артып отырғандықтан, бар күш-жігерімді салдым": Сәкен Бибосынов жекпе-жегі жайлы
- "Төсектер картон қағаздан, ал матрас пластиктен жасалыпты": Қазақстандық спортшылар Токиода қалай тұрып жатыр
Токио-2020
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасындағы жеңісті жолын жалғастыруда.
52 келіде сынға түскен Сәкен бірінші айналымда Пуэрто-Рико өкілі Янкьель Ривера Фигероамен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы 4:1 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.
Екінші айналымда Бибосынов француз боксшысы Биллаль Беннамамен кездесті. Жерлесіміз бірінші раундтан бастап рингтің ортасын бермей, қарсыласына қысым жасай бастады. Соққылары да діттеген жеріне жетті. Соның арқасында бірінші раундта басымдыққа ие болды. Бес төрешінің төртеуі оған жоғары ұпай берді.
Екінші раундта қазақстандық боксшының қарқыны сәл бәсеңдесе де, өз басымдығын ұстап қалды. Ал үшінші раунда екеуі ашық жұдырықтасты. Бастарын бір-біріне тіреп қойып, сериялық соққыларын жасады. Бибосынов осы раундты да жеңіске жеткен болатын. Қорытынды есеп- 5:0.
52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін спортшы өзінің ширек финалға шығуына қатысты пікір білдірген болатын.
"Жекпе-жек оңай болған жоқ. Қарсыласым өте мықты боксшы. Бұған дейін екеуіміз екі мәрте рингте кездескенбіз. Есебіміз - 1:1. Кейінгі жарыста мен оған жол берген едім. Сондықтан осы жолы кеткен есемді қайтаруға шықтым. Жеке бапкерімнің жоспарын дұрыс орындап жеңіске жеттім. Елді ары қарай қуанту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Жеке бапкеріммен қарсыласымды жіті зерттедік. Ол жалғыз соққы көп жасайды, сондықтан қарымта соққылар жасау керек болды. Жақын қашықтық-та тұрмау, жылдам жұдырықтасу деген жоспар қойылды. Соны орындап шықтым. Олимпиадада бәрі бар күш-жігерін салып жатыр. Сондықтан оңай болып жатқан жоқ. Соңғы раундта шаршадым, бірақ артымда 18 миллион қазақ халқы сенім артып отырғандықтан бар-күш жігерімді салдым. Келесі қарсыласым Эскобардың жекпе-жектерін көріп жүрмін. Бірақ шаршы алаңда кездескен жоқпыз. Жеке бапкеріммен жоспар құрып, жеңіске жетіп, елімді қуантамыз", - деді боксшы.
Боксшының жаттықтырушысы Сәкеннің ойынына риза болғанын атап өтті. Оның айтуынша, спортшы тамаша жекпе -жек көрсетті.
"Бірінші кездесу болғаннан кейін әрдайым қиын болады. Оңай қарсылас жоқ. Қарсыласы да құрлықтан, Америка континентінен іріктеліп келген боксшы. Бірінші раунд барлау емес, бірден төбелеске ұласты. Екінші раундтан бастап Сәкен өзінің ойынын көрсетіп, аяқ-қолын, бойының ұзындығын пайдаланып, айтқанымызды істеп отырды. Нәтижесінде қарсы шабуыл жасап, жекпе-жекті жеңіп шықты. Ол өзінің алдында тұрған барлық міндеттерді толық орындады.
Екінші қарсыласы да оңай емес, ол әлем чемпионатының қола жүлдегері. Франциядағы жетекші боксшылардың бірі. Біз оның әдістерін бірнеше күн қатарынан зерттедік және өз тактикамызбен жұмыс жасадық. Тактика тұрғысынан алғанда, біз бұл қарсыластың жиі салмақ түсіретінін байқадық. Сондықтан біз Сәкеннің жылдамдығына назар аудардық. Кейбір жерлерде француздың тактикасын құлату үшін ашық күреске шығуға кеңес берілді. Біз оны негізгі қарсыластардың бірі ретінде күттік, енді біз өттік. Енді ширек финалға дайындықты бастайық ", - деді бапкер.
Еске салсақ, Сәкен Бибосынов 3-тамыз күні ширек финалдағы қарсыласы испаниялық Габриэль Эскобармен шаршы алаңға шығады.