Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таиландта коронавирустың жаңа толқыны басталғаны туралы ақпарат тарады: Қазақстанда жағдай қандай

Короновирус
Фото: istockphoto.com

Ресейлік БАҚ-та Пхукетте COVID-19 індетінің өршуі тіркелгені, аралдағы туристер аурудың ауыр белгілеріне тап болып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2 қыркүйекте The Phuket News порталы 31 тамыздағы жағдай бойынша Пхукетте әр 100 мың тұрғынға шаққанда COVID-19 жұқтырудың 514,85 жағдайы тіркелгенін хабарлады. Бұл көрсеткіш провинцияны ауру жұқтыру деңгейі бойынша Таиландта үшінші орынға шығарған.

Бірінші орында – Бангкок, әр 100 мың тұрғынға 643,65 жағдай, ал екінші орында – 530,52 жағдай көрсеткішімен Чонбури провинциясы.

Таиланд Денсаулық сақтау министрлігінің Ауруларды бақылау департаменті Пхукеттегі бұл көрсеткішті аралдың өзіндік ерекшеліктерімен түсіндірді. 

Сонымен қатар билік өкілдері қазіргі жағдайды төтенше немесе әдеттен тыс ауыр індеттің өршуі деп бағаламайтындарын атап өтті. Олар бұл көрсеткіштерді маусымдық сипаттағы құбылыс деп атап, инфекцияның басым жағдайда жеңіл белгілермен өтетінін мәлімдеді.

Таиландта Омикрон тобына жататын коронавирус нұсқалары әлі де бақылауда. Сонымен қатар азір елде ең көп анықталып отырған қосалқы нұсқа – NB.1.8.1.

"Оның үлесіне 524 жағдай немесе эпидемиологиялық бақылау аясында анықталған барлық жағдайдың 50,14%-ы тиесілі. Бұл нұсқа Таиландта 2025 жылдың ортасынан бері тұрақты түрде анықталып келеді", – делінген Таиланд денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Министрлік сондай-ақ NB.1.8.1 нұсқасының ауруды ауыр түрде қоздыратынына ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

 

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанның ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, Қазақстандағы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда COVID-19 жұқтырған 87 жағдай тіркелген. Бұл ретте аурудан қайтыс болғандар жоқ.

Мамандардың айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 3,7 есе төмендеген. Қазір республика бойынша аптасына орта есеппен 15 жағдайға дейін тіркеледі.

"Әлемнің басқа елдеріндегідей, Қазақстанда да 2022 жылы алғаш анықталған Омикрон нұсқасының штамы таралуын жалғастыруда", – делінген орталық хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан ауруханаларында инфекцияның таралуына қарсы бақылау күшейетіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 22:14