Қазақстан ауруханаларында инфекцияның таралуына қарсы бақылау күшеймек
Қазақстанда ауруханалар мен басқа да медициналық ұйымдарда инфекцияның алдын алу талаптарының сақталуы қатаңырақ бақыланбақ. Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты жаңа қағидалар әзірледі. Құжат қазір келісу және мемлекеттік тіркеу рәсімдерінен өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа тәртіп бойынша меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдар инфекцияның алдын алу талаптарының қалай сақталып жатқанын өз ішінде тұрақты тексеріп отыруға тиіс. Ресми құжатта бұл "ішкі инфекциялық аудит" деп аталады.
Мұндай өзгеріске медициналық көмек көрсету кезінде инфекция жұқтыру жағдайларының көбеюі себеп болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2025 жылы мұндай жағдайлар 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есе артқан. Инфекция ең көп акушерлік ұйымдарда тіркелген. Онда іріңді-септикалық инфекциялар жиі кездеседі.
Жаңа талап бойынша ауруханаларда медицина қызметкерлерінің қол тазалығын сақтауынан бастап, медициналық құралдарды залалсыздандыруға дейінгі талаптар тексеріледі. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің қол гигиенасын сақтауы, асептика мен антисептика талаптарын орындауы, медициналық құралдарды дезинфекциялау және стерильдеу сапасы назарға алынады. Сондай-ақ жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, медициналық емшаралардың қауіпсіз жүргізілуі және медициналық қалдықтармен жұмыс істеу тәртібі тексеріледі.
Хирургиялық және инфекция жұқтыру қаупі жоғары бөлімшелерге ерекше назар аударылмақ. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің инфекцияның алдын алу бойынша білімі мен дайындығы бағаланады. Мұндай тексерудің қаншалықты жиі өтетіні медициналық ұйымның бағытына, ондағы эпидемиологиялық жағдайға және бұған дейінгі тексерулердің нәтижесіне байланысты болады. Инфекция тарау қаупі артса, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Егер талаптардың бұзылғаны анықталса, медициналық ұйым кемшіліктерді жою жоспарын әзірлейді. Онда атқарылатын жұмыс, оны орындау мерзімі және жауапты қызметкерлер көрсетіледі. Кейін қабылданған шаралардың орындалуы қайта тексеріледі.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымды 15 тамызға дейін тексеруді тапсырған еді. Тексеру кезінде инфекцияның алдын алу талаптарының сақталуына, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатыны хабарланған.
Сол кезде министр инфекция жұқтырудың әр жағдайының себебін жан-жақты анықтап, ауруханаішілік инфекцияның алдын алу тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Өңірлерге медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыруға қажетті құралдармен, жеке қорғаныш құралдарымен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Медицина қызметкерлерін инфекцияның алдын алу талаптарына тұрақты оқыту да тапсырылған.
Енді министрлік инфекцияның алдын алу талаптарының сақталуын барлық медициналық ұйымның өз ішінде жүйелі тексеруді көздеп отыр.
Қазақстандық ата-аналар баласына тоз-тозы шығып, парағы жыртылған кітап берілгеніне шағымданды
