"Қазақстанның жанды бұрышы": Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы мектеп несімен танымал?
Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназиясы 80 жылдан астам уақыттан бері білім беріп келеді. Білім ордасының тарихы Қазақстан мен Қырғызстанның ортақ тарихындағы маңызды кезеңдермен тығыз байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
№33 мектеп-гимназиясы Бішкектегі ең көне білім беру мекемелерінің бірі саналады. Оның ғимараты 1940 жылы салынған. Қазір нысан қалалық маңызы бар тарихи ескерткіш мәртебесіне ие.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ғимаратта Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Дәл осы жерде қазақ жазушысы, майдангер Кемел Тоқаев пен Кеңес Одағының батыры Рахымжан Қошқарбаев әскери дайындықтан өткен.
Соғыстан кейін, 1947 жылғы 1 қыркүйекте ғимаратта мектеп қайта жұмысын бастады. Кейінгі жылдары білім беру мекемесі толық емес орта мектептен мектеп-гимназияға дейін дамыды.
2012 жылы мектепке ресми түрде гимназия мәртебесі берілді. Бүгінде білім ордасы Кемел Тоқаевтың есімімен аталады.
Неліктен мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді?
Айта кетейік, мектепке Кемел Тоқаевтың есімі 2025 жылғы мамырда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың бастамасымен берілді.
Мұндай шешім ғимараттың тарихымен байланысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кемел Тоқаев осы жерде Фрунзе жаяу әскер училищесінде дайындықтан өтіп, кейін майданға аттанған.
“Кемел Тоқаев 1923 жылы дүниеге келген. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін белгілі қазақ жазушысы әрі қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі болды. 2024 жылғы мамырда мұнда Рахымжан Қошқарбаев пен Кемел Тоқаевқа арналған патриоттық бұрыш ашылды. Онда білім беру мекемесінің тарихы, қазақстандықтардың өмірбаяны мен майдандағы жауынгерлік жолы туралы материалдар ұсынылған”, – делінген ақпаратта.
Сол кезде мектепте Қазақстаннан әкелінген архив құжаттары мен кітаптар көрмесі де ұйымдастырылған көрінеді. Мектептің тарихы тек білім берумен ғана емес, Ұлы Отан соғысы оқиғалары туралы тарихи жадты сақтаумен де байланысты.
Қазақстанмен байланыс
Соңғы жылдары №33 мектеп-гимназиясы Қазақстанмен байланысты белсенді дамытып келеді.
“Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мекемесіне оқушыларды тасымалдауға арналған автобус сыйлады. Сонымен қатар мектепке жаңа компьютерлер, интерактивті тақталар және басқа да жабдықтар берілді. Үздік түлектер үшін Алматыдағы Satbayev University-де тегін білім алуға үш орын қарастырылған”, – делінген ақпаратта.
Бүгінде Кемел Тоқаев атындағы №33 гимназия – тек білім беру мекемесі ғана емес, екі елдің тарихы, соғыс буыны туралы естелік пен заманауи білім беру байланыстары тоғысқан орынға айналған.
Қазақстандық ата-аналар баласына тоз-тозы шығып, парағы жыртылған кітап берілгеніне шағымданды