Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз болмысымнан ажырап қалдым": Әнші Роза Әлқожа жан сырын ақтарды

Роза Әлқожа
Фото: Instagram.com/roza_alqozha/

Роза Әлқожа адамға деген сенім мен өмірлік тәжірибе жайында ой қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі мұндай ойларын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Әнші бұрынғы еркін мінезін сағынатынын айтып, біреуге шектен тыс сенудің адамды өз болмысынан алыстатуы мүмкін екенін жеткізді.

“Менің ішімдегі ерке қызды қай жерде қалдырып кеткенімді енді ойланып жүрмін. Ол ойын ірікпейтін, әр қадамы нық емес пе еді?! Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп жүріп, өз ойың болмай қалады”, – деп жазды әнші.

Роза Әлқожаның сөзінше, өмір оған ең алдымен адамның өзіне сенуі керегін ұқтырған. Ол сенімді үлкен жауапкершілікпен салыстырып, біреуге сенім артқаннан кейін оның қалай әрекет ететінін бақылау мүмкін емес екенін айтты.

“Сенім – үлкен қару. Оны берген соң басқа адамға қаруды былай серме дей алмайсың. Ол қалай қолданса да, жараласа да – өз еркі. Тек арына тапсырасың”, – деді өнер иесі.

Әнші сондай-ақ уақыт өте жақын адамның бөтенге, ал бір кездері жат көрінген жанның тілеулеске айналуы мүмкін екенін түсінгенін жазды.

“Жақының жатқа айналады дегенге бұрын сенбейтінмін. Дұшпаның досың болады десе де ертегі болып көрінетін. Сөйтсек, Құдай шешсе, құл көнеді екен. Ертең не боларын ешкім білмейді”, – деп бөлісті ол.

Өнер иесі адамның ішкі жан дүниесін өзгелер толық біле алмайтынын да атап өтті. Оның пікірінше, кейде адамдар өз мақсатына қарай бағыт беріп, тіпті өз пайдасына пайдалануы мүмкін.

Роза Әлқожа сөз соңында шынайы жанашырлықтың адамның жанында жүрумен ғана өлшенбейтінін меңзеді. Оның айтуынша, қасыңда жүріп жамандыққа итермелеген адамнан алыста жүрсе де тілеуіңді тілейтін жан әлдеқайда қымбат.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 17:01