Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда баланы қақпа басып қалып мерт болды: Сотталушы ақталып шықты

қақпа бала
Фото: Мой город

2022 жылы 27 шілдеде Оралдағы спорт алаңында 11 жастағы Нұрамир Сапарбековті футбол қақпасы басып қалып, мерт болды. Іске қатысты айыпталушы аұталып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Төрт жылға созылған іс сотқа жетті. Бұған дейін іс бойынша "Орал" спорт клубының бұрынғы директоры айыпталған еді. Ал бұл сот процесінде болған жағдайға "Орал" спорт клубының спорт алаңдарына жауапты меңгерушісі жауап берді.

2026 жылғы 25 тамызда Орал қалалық сотында судья Абадан Мамыровтың төрағалығымен тараптардың жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы Ерасыл Ерғалиев сотталушыны кінәлі деп танып, оны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең төмен мекемесінде 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ оны сот залында қамауға алуды өтінді.

Сотталушы соңғы сөзінде болған жағдайға өкінетінін жеткізді. Алайда өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

"Баланың көз жұмғанын түсініп, қабылдау ауыр. Мен бұл қылмысты жасаған жоқпын. Болған оқиғаның өзін жоққа шығармаймын. Бірақ менің әрекетім немесе әрекетсіздігім осы қайғылы жағдайға себеп болды дегенмен мүлдем келіспеймін. Жобалық-сметалық құжаттама жобамен сәйкес келмеді. Бұл өте маңызды. Футбол қақпалары 2011 жылы пайдалануға берілген. Яғни, нысан салынған кезден бастап бұл жерде заңбұзушылық болған. Менің кінәм неде? Қақпаны мен жасаған жоқпын, оны мен орнатқан жоқпын. Соттан істегі дәлелдерге сенуді сұраймын. Менің әрекетімде қылмыс құрамы жоқ деп есептеймін. Әділ шешім шығарып, мені ақтауыңызды сұраймын. Соттың әділдігіне сенемін", – деді ол.

1 қыркүйекте судья Абадан Мамыров сот үкімін жариялады. Ол сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны кінәсіз деп танып, ақтау туралы үкім шығарды.

Содан кейін судья ақтау үкімінің не себепті шығарылғанын түсіндірді. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне, прокуратурасына және облыс әкімдігіне жеке қаулылар шығарылғанын айтты.

"Сот барысында сотқа дейінгі тергеу органдары тарапынан заңның елеулі талаптары бұзылғаны анықталды. Тергеушілер сотқа дейінгі тергеу мерзімін формалды себептермен бірнеше рет тоқтатқан. Мысалы, сараптама тағайындалғанын айтқан, бірақ сараптама материалдары сарапшыларға мүлде жіберілмеген. Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне барлық спорт алаңдарының қауіпсіздігін тексеру туралы ұсыныс берілді. Ал Батыс Қазақстан облысының прокуроры мен полиция департаментінің басшысына тергеу барысында анықталған заңбұзушылықтарға байланысты шара қабылдау үшін жеке қаулы шығарылды", – деді судья.

Қаза болған баланың әкесі сот шешімімен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым беретінін мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 16:05