"Сахнаны жауып тұрады": Тұрсынбек Қабатовтың әйелі тойға еріп баратын мобилографтарды сынады
Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, продюсер, блогер Мөлдір Мұқан тойға бару мәдениеті жоғын айтып, халыққа үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/moldir.mt/
Продюсердің айтуынша, бұрын адамдар қонаққа бала ертіп баратын, қазір мобилограф ертіп баратындар көбейген.
“Той мәдениеті және мобилограф мәдениеті деген ой біразыңыздың көкейіңізде жүрген де болар. Жаз айлары – той маусымы. Дәулет Мұқаев досымның “қалтаңа қарай көсіліп той жаса” деп үндеу жасап жүргенімен, балам қатарынан кем болмасын немесе біреудің тойының деңгейінен қалғымыз келмей, үлкен қаржы жұмсап, той жасаймыз. Айтайын дегенім, мобилографтарымен баратын блогер қонақтар, немесе телефонға видеоға түсіретін қонақтар, той залында отырған басқа да қонақтарға кедергі келтіріп, тұрып алады. Одан қалса сахнада тұрған адамды жауып, қонақтарға той көрсетпейді. Сіздерге айтарым, сахна жақты жаппасаңыздар екен. Әдемі әншіні, басқа да әдемі көріністерді қонақтардың барлығы көріп, көңіл-күйлері жайлы болып отырғаны тамаша ғой. Түсінемін, менің де мобилографым бар, маған да әдемі кадрлар керек. Бірақ біреудің ақысына кірмеуіміз керек”, – деген ой тастады продюсер.
Сондай-ақ тойға бала ертіп апаратын қонақтарға да үндеу жасады. Кейбір тойларда қонақтан бала көп болып, шаршап қайтатын да кездер болған көрінеді.
“Келесі ойым – тойға баламен бару. Балаға да бұл той қызық емес, өзіңізді де шаршатады, қонақтардың да мазасын алуы мүмкін, той иесіне де ыңғайсыздық тудырары шындық. Тіпті есептеулі орын да жетпей қалуы мүмкін. Ойнап жүрген бала бірдеңеге ұрынып қалмасын деп алаңдап отырады. Осыны барлығымыз білеміз, бірақ ойлаймыз да, “еее жалғыз мен емес қой” деп. Өзімізден бастайық дегім келеді”, – дейді блогер.
Еске салайық, Қазақстанда той жасау үшін несие алуға тыйым салу туралы бастама көтерілгенін жазған едік.