Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сағат тілі ауысқан соң қазақстандықтардың туған күні басқа датаға өзгеріп кеткен

Бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқан соң көп қазақстандықтардың цифрлы құжатындағы туған күні өзгеріп кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: wikipedia.org

eGov.kz сайтында және қолданбасында, сонымен қатар белгілі банктердің бірінде "Цифрлық құжаттар" бөлімінде қазақстандықтардың туған күні бір күнге артқа шегерілген.

Бұл өзгеріс Астана, Алматы, Шымкентте және еліміздің тағы 12 облысында сағат тілі бір сағатқа артқа жылжыған күннің ертеңінде байқалды.

Кейбіреулерде жеке куәлікте, басқаларында жүргізуші куәлігінде немесе төлқұжатында туған күні өзгергені белгілі болды.

Фото: Stan.kz

eGov.kz-тің мәлімдеуінше, мәселе "Құжаттарды жаңарту" батырмасы арқылы шешіледі. Жаңарту батырмасын бірнеше рет басу қажет. Бұған қоса қолданбаңызды жаңарту ұсынылады.

Скриншот eGov mobile

Сонымен қатар "Kaspi.kz" қолданбасы Цифрлық құжаттар" бөлімінде бүгін 12:30-ға дейін сервис қайта істейтіні туралы ақпарат берген.

Айта кетейік, қазіргі таңда eGov.kz порталы штаттық режімде жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілуіне байланысты 2024 жылы 1 наурызда сағат 00:00-де сағат тілі қайта 23:00-ге ауысты. Бұған дейін мобильді абоненттер мен банктер уақыттың ауысуына байланысты сервисте ақау туындауы мүмкін екенін айтқан еді.

Талқылау