Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рудныйда студенттердің жаппай астан улануы: Полиция қылмыстық іс қозғады

Рудныйда студенттердің жаппай астан ұшынуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Колледж асханасын жалға алған кәсіпкер қызметі тексеріліп жатыр. Оқу ордасындағы асхана жеке корпуста орналасқан. Қазір жабық тұр. Оның қашан ашылатыны белгісіз. Дәл осында кеше жүз отыздан астам білім алушы тамақ ішкен. Түстен кейін соның тең жартысы өзін нашар сезіне бастаған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

колледж

"Тамақ ішкен кезде балалар тамақ жақсы деген, ішкен. Жанындағы қарап жүрген педагогтар да тамақтар барлығы жақсы болды дейді. Біз мұндай жағдай болады деп күткен жоқпыз. Сол ішіп болғаннан кейін алғашқы балалар екі-үш сағаттан кейін ауыра бастаған. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Соның нәтижесі бойынша мұның қалай және неден болғанын білеміз", - деді Рудный Тау-кен технологиялық колледжінің директоры Қайсар Қанешов.  

Қалалық ауруханаға 19 студент жеткізілген. Дәрігерге қаралған соң бесеуі үйіне жіберіліпті. Қалғаны 5 күн ем-дом алады. Оларға "өткір гастроэнтерит" диагнозы қойылған.

"Түскен кезде балалар да құсу болды. Іш өту болды және дене қызуы да жоғарлады. Көрсеткіштеріне байланысты асқазан шаю жұмыстары жүргізілді. Керек болған жағдайда балаларға дәрі тамызғыш қойылды. Барлық балалар толық көлемде  антибиотиктер алып жатыр", - деді Рудный қалалық ауруханасының педиатр-дәрігері Еркежан Садықова. 

Студенттерді ыстық тамақпен жеке кәсіпкер қамтамасыз етеді.  Сәуле Шұғыбаеваның асхананы жалға алып, жұмыс бастағанына әлі бір ай да болмапты.   

"Азық-түлікті күн сайын әкелеміз. Бұзылып кетуі мүмкін емес. Тікелей дүкеннен аламыз", - деп мәлімдеді ЖШС директоры Сәуле Шұғыбаева.  

Балалардың жаппай астан ұшынуына қатысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы колледж асханасын жоспардан тыс тексеруге кірісті. Мамандар азық-түлік өнімінің, судың, шайындылардың сынамаларын алып, зертханалық зерттеу жүргізеді. Асханада жұмыс істеген адамдар да жіті тексеріледі.

Талқылау