Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ: Ресей Пригожин бүлігін басу үшін Тоқаевтан көмек сұраған, алайда Қазақстан президенті бас тартқан

Ресей Тоқаевтан Пригожин бүлігін басу үшін көмектесуін сұраған. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы өз зерттеуінде жазады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Путин-Пригожин-Токаев

Басылымның мәліметінше, бұл оқиғаның басты тұлғасы Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев болған. Ол былтыр жаздан бастап Путинге вагнерліктердің Кремльге қауіп төндіретінін ескерткен. Алайда, Путин Патрушевтің сөзіне құлақ аспаған, себебі “Вагнер” жеке әскери компаниясы (ЖӘК) соғыста жақсы нәтиже көрсеткен.

Журналистердің жазуынша, 2022 жылдың қазан айында жағдайды түбегейлі өзгертетін оқиға болған. Осы уақытта Пригожин (Евгений Пригожин, “Вагнер” басшысы – ред.) Путинге (Владимир Путин – ред.) хабарласып, оқ-дәрілердің тапшылығы және үлкен шығындар туралы шағымдарын жеткізген. Ал Патрушев сол кезде Путиннің кеңсесінде болған, ол Ресей басшысына ЖӘК басшысының қауіпті бола бастағанын және "Кремльдің билігін құрметтеуді тоқтатқанын” тағы бір ескерткен. Осыдан кейін Ресей президенті Пригожиннің шағымдарын елемей, оның қоңырауларына жауап беруді тоқтатқан.



Ал биыл жазда көтеріліс басталғанда, Патрушев қақтығысты шешу үшін делдал болатын адамдарды іздей бастаған. WSJ жазуынша, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қазақстан президентіне де өтініш айтқан. Егер ресейлік әскерлер вагнерліктердің шабуылын тежей алмаса, онда Қазақстанның қарулы күштері "2022 жылдың қаңтарында ҰҚШҰ күштерін енгізуіне рахметі ретінде" ұрысқа араласуы керек еді. Бірақ Тоқаев бұдан бас тартқан.

Басылымның жазуынша, бүліктен кейін Патрушев Пригожинді жою жоспарын жасаған. Оның үстіне, ол мұны Путинге көрсеткен және ол "қарсылық білдірмеген". 23 тамызда ұшақты тексеру және ұшуға дайындау кезінде қанатының астына бомба қойылған. Жарты сағаттан кейін шамамен 8500 метр биіктікте бомба жарылып, борттағы барлық адамдар қаза тапты.

Талқылау