Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарапайым халық майнерлердің кесірінен зардап шегуде": Қазақстанда не себепті электр қуаты өшіріліп жатыр?

Қазақстанда электр энергиясын тұтыну жылдан жылға артып келеді. Бұған дейін электр энергиясын қолданудың жылдық өсімі орта есеппен 2%-ға жуық болса, биыл бұл көрсеткіш 7%-ға артқан. Мамандар жарық көзіне тапшылықтың күрт өсу себебін еліміздегі майнинг кәсібімен байланыстырады. Ал жақында Ресейлік "Интер РАО" компаниясы қарашадан бастап елімізге электр қуатын тасымалдауды жоспарлап отырғаны белгілі болған. Ендеше, Қазақстан үшін бұл көмектің соңы қандай болады? Еліміз үшін майнинг өнеркәсібінен пайда бар ма? Электр энергия тапшылығын шешудің жолдары қандай? Stan.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын мамандардан сұрап көрді.

электр майнинг

Қазақстандағы қуат көзінің тапшылығы

Отандық энергетиктер алдағы қыс мезгілінде-ақ электр көзінің үлкен тапшылығын күтіп отыр. Қазақстанның Бірыңғай энергожүйе операторының мәліметінше, елімізде электр қуатын тұтыну көлемі аса зор қарқынмен өсіп келеді. Былтырмен салыстырғанда  биылғы 9 айда энерготұтыну көлемінің өсуі 7,2% құраған.

"KEGOС" АҚ-нің бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев энерготұтыну көлемінің өсу себебіне еліміздегі майнинг кәсібімен қатар, Түркістан облысының құрылып, ондағы халық санының артуын да байланыстырады.

"Электр тапшылығының өсімі бір жылдың ішінде емес, соңғы 2-3 жылда артты. Ия, бұл өсімнің артуының басты қозғалтқышы бұл – майнинг фермалары болып табылады. Бұдан бөлек, басқа да себептер бар. Мысалы, Түркістан секілді үлкен қаланың жаңаша қарқында дамуы өз кезегінде электр энергиясын тұтынуды арттырды. Онда ашылған жаңа нысандар, өндіріс орындары осының барлығы электр қуатымен жұмыс істейді. Бір өкініштісі, біз Германия секілді алдыңғы қатарлы елдердегідей қуат көзін төмендете алмаймыз, сондықтан біз үшін ол көздерді арттыру ғана қалады", - дейді Әсет Наурызбаев.

"KEGOC" АҚ мәліметтеріне сүйенсек, Оңтүстік аймақта 4350 МВт элетрқуаты тұтынушыларға жеткізіледі. Ал өндірілетін энергия көлемі 2250 МВт-тан аспайды. 

Электр энергетика саласы бойынша сарапшы Жақып Хайрушев жүйелік оператордың Қазақстандағы энергетикалық қорлардың және жалпы энергетикалық жүйенің тозығы жеткеніне бірнеше рет айтқан екен. Алайда ол кездегі жағдай ешқандай алаңдаушылық тудырмағандықтан, бұған ешкім баса назар аудармаған дейді ол.

"Жыл сайын Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 1,5-2%-дан аспайтын және бұл заңды құбылыс болатын, ал 2021 жылдың шілде айынан бастап тұтыну өсімі орташа статистикалық көрсеткіштерден бірнеше есе асып түсті. Қазақстандағы жүйелік оператор энергетикалық қорлардың азайып, сонымен қатар энергетикалық жүйенің тозығы жеткенін бұрын да хабарлаған. Бірақ ол кездегі жағдайға ешкім баса назар аудармаған еді. Қазіргі уақытта қуат көзіне сұранысты жергілікті электр станциялары қамтамасыз етіп отыр", – дейді ол.

Еліміздегі майнинг өнеркәсібі

Бүгінгі таңда еліміздің аумағында 17 майнинг фермасы жұмыс істеуде. Олар өз кезегінде 540 МВт қуат көзін тұтынып отыр. Қытай бұл кәсіптен толықтай бас тартқаннан кейін, бұл компаниялар Қазақстанға үдере көшіп келді және қазіргі таңдағы олардың әлемдегі үлесі 18%-ды құрайды. Ал Қазақстан майнинг өндірісі бойынша әлемде екінші орынды алады.

"KEGOС" АҚ-нің бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев бұл шешімді қабылдарда, қазақстандық электр желілерін басқаратын компания қателіктер жіберіп алғанын айтады.

"Майнинг мәселесіне келетін болсақ, кез келген үлкен компания жұмысын бастамас бұрын, техникалық шарттарды қабылдайды. Мұндай жағдайда олардың жұмыс істейтін режимі есептеледі. Бұл жердегі мен үшін түсініксіз жайт, "KEGOС" оларға техникалық шарттарды ұсынып, кейіннен бұл өнеркәсіптердің жұмыс жасауына электр көзінің жеткіліксіз екенін айтуы. Яғни компания бұл шешімді қабылдарда барлығын есептеп, желі көздеріне қосылуға рұқсат берілді ғой. Ал соңында бұл сұраныстарды тиісінше орындай алмайтынымыз белгілі болады. Бұл өте қызық", – дейді маман.

Майнинг өнеркәсібінен Қазақстанға пайда бар ма?

Қытай майнинг өнеркәсібіне 2021 жылдың маусым айында шектеу қойып, Қазақстанға барлығы 4 мыңға жуық майнинг құрылғыларын жіберген. Бірақ сарапшылар бұл сандар бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін екенін алға тартады. Ал ауқымды өнеркәсіптің елімізге әкелетін пайдасы жөнінде электр энергетика саласы бойынша сарапшы Жақып Хайрушев былай дейді.

"Мен оның Қазақстанға қандай пайда әкелетінін білмеймін, бірақ майнер мамандарының электр энергиясын тұтынуынан бір кВт сағатына 1 теңге түріндегі нақты қосымша қаражат пайда болады. Мен бұдан алдын да айтқанымдай, бұл қаражатты арнайы құрылған қорға бағыттап, өндіруші қуаттарды жаңғыртуды мақсатты түрде дамыту қажет. Егер бұл өнеркәсіптен түскен қаржыны бұрыннан жұмыс істеген станцияларды жаңғыртуға, сондай-ақ жаңаларын салуға жұмсайтын болсақ, онда одан түсер пайда екі есе тіпті үш есе көп болатын еді", - деп түсіндірді ол.



"KEGOС"-тың бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаевтың сөзінше, Қазақстандағы майнинг өнеркәсібі ішкі өнімнің өсуі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға көмектеседі. Сонымен бірге ол аталған өнеркәсіптің пайдасымен қатар зиянын да жіктеп өтті.

"Майнинг өнеркәсібінің басты пайдасы халықтың әл-ауқатының артуында болуы мүмкін. Себебі бұл кәсіппен айналысқандар қазірдің өзінде өздерінің жағдайларын жақсартып алды. Бүгінгі таңда мемлекеттің меншігі саналатын мұндай жұмыс орындар жоқ болғандықтан, нақты айту қиынға соғады. Ішкі өнім өседі. Мен пайдасымен қатар зиян жағына тоқталып өтер едім. Себебі майнинг өнеркәсібі ферроқорытпа зауыттарына қарағанда үлкен ауқымдағы жұмысы бойынша әлбетте зияны аз. Бұл жағдайда экологиялық мәселелер аз туындайды", - дейді ол.

Салық барлығын шеше ме?

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлы майнингке салық енгізетін заңға қол қойған болатын. Жаңа заң нормаларын енгізу 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолға алынады. Сонымен бірге Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев та электр энергиясын тұтынатын майнинг фермалары тұтынған 1КВт/сағ электр қуаты үшін 1 теңге салық төлеуге тиіс деген болатын. Енгізілетін салық түрлері еліміздегі қуат көзінің жетіспеушілігін шеше алады ма?

Әсет Наурызбаевтың айтуынша, мұндай салық түрлері жағдайды дұрыстауға көмегін тигізе алмайды.

"1 теңгелік салық түрі ешнәрсені өзгерте алмайды. Егер біз салықтардың көмегімен майнинг өнеркәсібін шектеуді мақсат еткен болсақ, онда салық мөлшерін 1КВт/сағ үшін 20 теңге қылуымыз қажет еді. Мүмкін сол кезде бұл өз пайдасын тигізер еді. Ал 1 теңгелік салықпен біз ешнәрсені шеше алмаймыз", - дейді "KEGOС"-тың бұрынғы басшысы.

Қазақстан электр энергиясы тапшылығын шешу үшін атом технологиясын қолданғаны дұрыс па әлде басқа да қосымша энергия көздерін іздеуі қажет пе?

"Қазақстанға міндетті түрде бейбіт атом станциясы қажет және бұл тек еліміздегі майнинг өнеркәсібінен туындаған электр тапшылығына ғана байланысты емес. Біздің еліміз өзін 2060 жылға қарай көмірді қолданудан мүлдем бас тартатын ел деп жариялады, ал бұл деген көмір станциялары 100% жабылуы керек деген сөз. Жаңартылатын энергия көздері болса, энергетикалық жүйенің сенімділігінің жоғары дәрежесін қамтамасыз етіп тұра алмайды. Сондықтан біздің ел үшін ең оңтайлысы АЭС пен жаңартылатын энергия көздерінің бірлесе жұмыс жасауы", – дейді Жақып Хайрушев.

Жақында Ресей Қазақстандағы қуат көзінің тапшылығын шешуге көмектесетіні белгілі болған. Ресейлік "Интер РАО" компаниясы қарашадан бастап елімізге электр қуатын коммерциялық негізде тасымалдауды жоспарлап отырғаны айтылған. Ал ресейлік басылымдар болса мұндай тасымалдарды өздеріне тиімсіз екенін жазуда. Осы кезекте Қазақстан үшін Ресейдің көмегі тым қымбатқа түспейді ме?

Сарапшы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, Ресеймен жасалған бұл келісімшарттың зияны жоқ. Себебі мүлдем жарықсыз отырғаннан гөрі қымбат болса да, электр көзін сатып алған әлдеқайда жақсы дейді ол.



"Ресеймен жасалған келісімшарт қазіргі жағдайға байланысты айтатын болсақ ең тиімді. Мүлдем жарықсыз отырғаннан гөрі қымбат болса да қуат көзін сатып алған әлдеқайда жақсы. Ал оның әсерлері мен жоғарыда айтып өткенімдей, электр энергиясын қымбат бағамен сатып алуға алып келеді. Бірақ бізде жарық болады. Егер біз алдын ала осындай келісімдерге келіп алмасақ, түптің түбінде қараңғыда қалып қоюмыз әбден мүмкін. Сол себепті мен бұны жақсы жасалған шарт деп есептеймін, бірақ қымбат екенін де жасырмаймын", - дейді Наурызбаев.

Жақып Хайрушевтің сөзінше, біздің қандай жағдайда екенімізді көрген Ресей осы сәтті тиімді пайдаланып, пайда тауып қалуды ойлап отырған көрінеді.

"Қазақстанға майнинг өнеркәсібінің келуімен, біз қуат көздерін шамадан тыс қолдануымызға байланысты ресейліктер бізге олар үшін үнемді емес генераторларды қосуға мәжбүр болды. Біріншіден, бұл уақытта олардың өздерінде электр энергиясының ең жоғарғы жүктемесі тіркелген. Екіншіден, талап етілетін қуат көзі біз сұратқаннан әлдеқайда жоғары екендігінен, әрине, Ресей біздің жағдайымызды көріп осы ретте пайда тапқысы да келді. Ал Қазақстан үшін ше? Біздің жүйелік операторға көрші энергетикалық жүйесінің көмек "қолын" қабылдап, "Интер РАО"-ның ұсынған шартымен сатып алудан басқа амалы қалмады", - дейді электр энергиясы бойынша сарапшы.

Хайрушев сонымен бірге, елімізге келген майнинг өнеркәсіп орындары біраз мәселенің бетін ашқанын айтады.

"Жалпы, майнинг өндірісі біздің электр энергетикасындағы жүйелі проблемалардың барлығын ашып берді. Біз 2000 жылы мақтан тұтқан барлық нарықтық механизмдер тоқырауға ұшырады. Сонымен қатар электр энергетикасына салынған инвестиция көлемі бірнеше есе қысқарып үлгерді", - дейді ол.

Еліміздегі электр энергиясы тапшылығын жоюдың жолдары қандай?

Электр энергиясы бойынша сарапшы Жақып Хайрушев қуат көздерін шешудің жолдары жөнінде айтып өтті.

"Менің ұсыныстарым бойынша, энергия тапшылығын қысқарту үшін майнинг өнеркәсіптерін шектеу қажет немесе белгіленген электр жүйесінен қымбатырақ электр энергиясын сатып алуды ұсыну керек. Ал бас тартқан жағдайда олардың қызметтеріне уақытша мораторий енгізілсін. Энергетикалық қуаттарымызды жұмыс жағдайына келтіру, қажетті резервтің болуын қамтамасыз ету үшін тарифтерді қажетті деңгейге шығару керек. Әрине, тарифтер айтарлықтай көтеріледі, алайда 1 000 000 теңге мен 100 000 теңге табыс табатын халық электр энергиясы үшін бірдей бағамен төлемеуі қажет. Бұл ұсынылып отырған басқа да шаралармен бірге жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететініне сенімдімін", - деп түйіндеді сарапшы.

Еліміздің бірқатар өңірлері жарықсыз отыр

Қазақстанда қазіргі уақытта қуат көзіне қатысты мәселе бойынша еліміздің кейбір аймақтарында электр энергиясын тұтынуға шектеу қойылып та үлгерді. 

"Шығысэнерготрейд" ЖШС (Шығыс Қазақстан облысы) хабарлағандай, компанияға шектеулер енгізілгені туралы хабарлама KEGOC-тан келіп түскен. 

Аталған компанияның директоры Талғат Қайркеновтің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 8 қарашасынан бастап "KEGOC" ұлттық операторы "Шығысэнерготрейд" ЖШС-не жұмыс күшінің жоғары уақытында электр энергиясын беруді шектеген. Яғни, сағат 07.00-ден 11.00-ге дейін және 17.00-ден 23.00-ге дейін жарықты сөндіреді.

9 қараша күні таңертеңнен бері Глубокое елді мекенінің тұрғындарынан электр жарығының жоқтығына қатысты шағымдар түсе бастаған. Сонымен қатар 3 қарашадан бастап Қызылорда облысында да электр қуатын беруге шектеулер енгізілген. Жауаптылардың айтуынша, бұған басты себеп еліміздегі электр қуатының жетіспеушілігі. 

4 қарашада "KEGOC" АҚ Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы мен қуат теңгеріміне байланысты күрделі жағдай сақталып отырғанын хабарлады.

"Бұл электр энергиясын тұтынудың жоғары өсу қарқынына байланысты. 2021 жылдың өткен 10 айында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электр энергиясын тұтыну өсімі Оңтүстік аймақта 11,6 пайызды, Солтүстік аймақта 5,7 пайызды және 7,5 пайызды Батыс аймақта құрады. Тұтынудың бұл қалыпты өсуі, ең алдымен, цифрлық өндірумен айналысатын тұтынушылар үлесінің артуына байланысты", - деп түсіндірген компания.

Талқылау