Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейнең мәңгі жүрегімізде": Қазақстандықтар Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды (видео)

Бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Раиса Мұхамедирова

Халық жадында "Менің атым Қожадағы" Сәбира Майқанованың рөлін сомдаған актриса ретінде сақталып, ғұмырын кино және театр саласына арнаған біртуар тұлға 5 қараша күні таңертең 80 жасында дүниеден озды. 

Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салуға өнер мен мәдениет саласының майталмандары, әріптестері және оны жақсы көріп, құрметтейтін халқы келді. Қоғам қайраткері Мәди Әдиұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жеткізді.

Раиса Мұхамедирова

«Белгілі мәдениет қайраткері, театр және кино әртісі Раиса Мәжітқызы Мұхамедиярованың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Раиса Мәжітқызы ұзақ жылдар бойы театрда өнер көрсетіп, кейіпкерлерді асқан шеберлікпен сахнаға шығара біліп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, көркем фильмдерге түсіп, көптеген басты рөлдерді сомдады. Оның есімі мен жарқын бейнесі өнер сүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады деп ойлаймын. Марқұмның жаны Жәннатта, иманы саламат болсын», - деп жазылды президент хатында. 

Әдиұлы Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың да қазақ халқымен бірге қайғыдан қан жұтып отырғанын жеткізді. 

"Ардақты Раиса Мәжітқызының дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақ кино өнеріндегі оның ерекше образдары мен жарқын бейнесі халық жүрегінде қалады. Апамыздың жасамаған ғұмырын артында қалған ұрпақтарына Алла Тағала нәсіп етсін. Топырағы торқа, иманы жолдас болып, жаны Жәннатта болсын", — делінді Назарбаеваның хатында. 
 

Раиса Мұхамедирова

Райымқұлова хатында ұзақ жылдар бойы қазақ киносының  дамуына үлес қосқан марқұмның қыздары Гауһар және Гүлнәр Ғабитқызына көңіл айтып, Мұхамедиярованың өмірі мән-мағынаға толы болғанын ескерді.

"Белгілі кино және театр актрисасы Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі, отандық кинематография саласында шоқтығы биік әйелдер образын қалыптастырған Раиса Мұхамедиярованың қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Ұзақ жылдар қазақ кино өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан Раиса әпкеміз мәнді де мағыналы өмір сүрді. Гауһар және Гүлнәр Ғабитқызы, аналарыңыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын", — деді. 

Жас кезінде сымбаты мен сұлулығы үшін қазақтың “Лоллобриджидасы” атанған актриса атақты жазушы Ғабит Мүсіреповке тұрмысқа шығып, бір шаңырақ астында сегіз жыл тұрған. Ерлі-зайыптылар екі қыз баланы тәрбиелеген. Раиса Мұхамедиярова көзі тірісінде жазушымен ажырасуына қаңқу сөздердің түрткі болғанын айтқан еді. 


Тағы оқыңыз: "Ешбір жігіт төсекке жатқыза алмайды": Раиса Мұхамедиярова Ғабит Мүсіреповке адалдығы туралы


«Өзімнің тазалығымды білемін. Қанша жігіттер қасымда жүрсін, солармен ішіп жүрейін, бірақ төсекке ешкім мені жатқыза алмайды. Себебі, мына жерде Ғабең жүрді. Ғабеңнің алдында мен тазамын. Жұрт не десе де, өзі не ойласа да...» - деді актриса. 

Марқұм Раиса Мұхамедиярованың өмірінде бір-ақ некесі, бір ғана жолдасы болған. Актриса алғашқы некесінен кейін қайтадан шаңырақ құрмаған. 

Естеріңізге сала кетсек, 5 қараша күні актриса Раиса Мұхамедиярова көз жұмды. Марқұм Алматыдағы қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар жатқан "Кеңсай" зиратында жерленді.

 

 

Талқылау