Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда жойқын тайфун салдарынан миллионнан астам адам эвакуацияланды

апат
Фото: Видеодан скрин

Қытай билігі елдің шығысындағы аймақтардан, оның ішінде Шанхай қаласынан миллионнан астам адамды қауіпсіз жерге көшірді. Оған “Дельфин” тайфунының құрлыққа жетуі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тайфун салдарынан қатты жаңбыр жауып, аймақтағы көлік қатынасына кедергі келтірді. Ал Шанхайдан 1000-ға жуық әуе рейсі тоқтатылды. Қазір “Дельфин” тайфуны әлсірей бастаған. Себебі билік оның деңгейін тропикалық дауыл санатына дейін төмендетті. Алайда дауыл солтүстікке қарай жылжып бара жатқандықтан, 12 тамызға дейін нөсер жауын, су тасқыны және лай көшкіні қаупі сақталатыны ескертілді.

Бұған дейін Қытай билігі “Дельфин” тайфунына ең жоғары — қызыл деңгейдегі ескерту жариялаған. Ол биыл Қытайға соққан ең күшті дауыл саналады.

Метеорологиялық қызмет мәліметінше, тайфун 9 тамыз күні сағат 17:30-да (Гринвич уақытымен 09:30) Чжэцзян провинциясындағы Юйхуань қаласына жеткен. Сол кезде жел жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін барған. Шамамен бір сағаттан кейін дауыл Вэньчжоу қаласының маңына екінші рет құрлыққа шыққан.

Ал 10 тамыз күні Шаньдун, Хэнань, Хубэй, Аньхой, Цзянсу және Чжэцзян провинцияларында, Шанхайда қатты жаңбыр жауады деп болжанды.

Билік тұрғындардан далаға шықпауды сұрады. Бірқатар танымал туристік орындар да уақытша жабылды. Олардың қатарында Диснейленд пен Леголендтің кей бөліктері, Шанхайдағы Бунд жағалауындағы бірнеше бақылау алаңы бар.

Мемлекеттік БАҚ таратқан кадрларда Шанхайдағы туристер көп баратын аудандардың бірін су басып, ғимараттардың бірінші қабатына су кіргені көрінеді. Кей жерлерде адамдар тізеден төмен су кешіп жүруге мәжбүр болған.

Бірнеше мемлекеттік БАҚ Чжэцзян провинциясының Вэньлин қаласында 9 жастағы баланың теңізге ағып, із-түссіз жоғалғанын хабарлады. Қытай билігі әзірге адам шығыны туралы ресми ақпарат берген жоқ.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы бірнеше күнде Чжэцзянның кейбір аудандарында 250-500 мм-ге дейін жаңбыр жаууы мүмкін. Чжэцзян провинциясының орталығы Ханчжоуда билік тұрғындарға қауіпсіз жерге көшуге жағдай жасады. Осыған байланысты қоғамдық тұрақтарда көлік қою ақысы уақытша алынбайды.

Ал Вэньчжоу қаласында шамамен 900 мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 1000-нан астам уақытша баспана ашылды. Тайчжоу қаласында тағы 390 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды.

Жағалауда орналасқан Фуцзянь провинциясында теңіз көлігі қызметтері уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар теңіздегі 100-ден астам құрылыс жобасының жұмысы үзілді.

Қытайдың CCTV мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, тайфун құрлыққа жеткенге дейін 6 000 шақырымнан астам жол жүрген. Осыған байланысты оның қарқыны орташа тайфуннан үш еседен астам жоғары болған.

CCTV мәліметінше, дауылдың аумағы өте үлкен әрі жауын-шашын мөлшері де жоғары болған. 

Қытайдың интернет кеңістігінде дауылға қатысты жалған ақпарат та тараған. Мемлекеттік БАҚ  екі адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың біріғ 60 жастағы ер адам. Ол жасанды интеллект арқылы Шанхайда дауыл кезінде адамның ғимараттан құлап кеткенін көрсететін жалған видео жасаған.

Ал 32 жастағы ер адам желі қолданушылары жариялаған дауыл туралы видеоларды өңдеп, жаңылыстыратын кадр таратқан.

“Дельфин” тайфуны бұған дейін Филиппин, Тайваньның солтүстігі және Жапонияның Окинава аралына қатты жаңбыр әкелген.

Филиппинде 8 адам қаза тапты. Ел бойынша 7000-нан астам адам эвакуациялық орталықтарға орналастырылды.

Жапонияның Окинава аралында да бес қарт адам жарақат алған. Префектура үкіметінің мәліметінше, олардың жарақаты ауыр емес. Үшеуі қатты желдің салдарынан құлап қалған.

Ал Гонконгта тайфун жылы ауа әкеліп, 9 тамыз күні ауа температурасы 36,9 градусқа жетті. Бұл қала үшін рекордтық көрсеткіш болды.

Батыс Тынық мұхитындағы тайфун маусымы әдетте мамырдан қазанға дейін созылады. Осы кезеңде мұндай дауылдар жиі байқалады.

Биыл Эль-Ниньо құбылысы күштірек жүріп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайда тайфундар әдеттегіден де қуатты болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Гонконг пен Қытайдың оңтүстігіне қуатты “Ноул” тайфуны соққаны туралы жазған едік. Сағатына ондаған метр жылдамдықпен соққан жел мен нөсер салдарынан билік 715 мыңнан астам адамды эвакуациялаған. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 14:59