Дубайда қаза тапқан қазақстандық қыздардың туыстары олардың неден көз жұмғанын білмей отыр
Біріккен Араб Әмірліктерінде қайтыс болған қазақстандық апалы-сіңлінің өліміне қатысты құжаттарында өлім себебі – жүрек тоқтау деп көрсетілген. Марқұмдардың денесі Шарджадан сенбіге қараған түні елге жеткізілді. Сол күні оларды жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақжан мен Жұлдыздың денелері сол түні елге жеткізілді. Біріккен Араб Әмірліктерінің полициясы оларды әкесі туыстықтарын растау үшін ДНҚ сараптамасынан өткеннен кейін ғана тапсырған. Мейрам Боханов марқұм қыздарын Қазақстанға келгеннен кейін, жерлеу рәсімі алдында ғана көрді.
“Беттерін мешітте ғана аштық. Бауырым екеуміз қарап шықтық: біздің қыздарымыз... Анасы көрген жоқ. Қыздарының әрдайым көңілді, бақытты жүздерін есінде сақтасын”, – дейді қыздардың әкесі Мейрам Боханов.
Былтыр желтоқсана Шарджаға жұмыс істеуге кеткен екі қыздың өмірі қандай жағдайда үзілгенін ата-анасы әзірге білмейді. Қазір олар екі апта бұрын Ақжан мен Жұлдыздың байланысқа шықпай қалған кезінен бергі оқиғаның мән-жайын өз бетінше анықтауға тырысып жатыр.
“Жүрегі тоқтаған дейді. Олардың нақты қалай қайтыс болғанын, қалай өлтірілгенін біз білмейміз. Интернетте тарап жатқан ақпараттың бәрі – өтірік! Сенбеңіздер! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз”, – дейді марқұмдардың әкесі.
Қыздардың бірі небәрі 20 жаста болса, екіншісі 22 жаста болған.

Еске салайық, бұған дейін екі қазақстандық қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмғаны хабарланған еді.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жергілікті билік өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге ақпарат жарияланбайды.
Министрлік Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеуге және қыздардың қаза болу жағдайына байланысты БАӘ-нің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасауға көмек көрсетіліп жатыр.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді