Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтады
39 жастағы әйгілі футболшы Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны 31 тамызда Instagram парақшасында жанкүйерлеріне арнаған жазбасында мәлімдеді.
Месси мұндай шешімге ұзақ ойланғаннан кейін келгенін айтып, ұлттық құрама сапындағы 20 жылдық жолына нүкте қойғанын жеткізді.
“Ұзақ ойланғаннан кейін ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтайтынымды айтқым келеді. Бұл – мен үшін өте ауыр шешім. Дегенмен дәл қазір кететін уақыт келгенін түсіндім. Мен әрдайым барымды салдым. Тек соңғы жылдары жеңістен жеңіске жеткен кезде ғана емес, оған дейін де осы жейде үшін күрестім. Футбол арқылы сіздерге қуаныш сыйлап, аргентиналық екендеріңізді мақтан тұтқым келді”, – деп жазды Месси.
Футболшы ұлттық құрамадағы кезеңнің аяқталуы өзіне ауыр тиіп отырғанын жасырмады. Оның сөзінше, енді Аргентина сапында ойнауға лайық жас әрі талантты футболшыларға жол ашылады.
“Уақыт өтіп жатыр, өмірдің әр кезеңі бір күні аяқталады. Бұл тараудың жабылуы жанымды ауыртады. Мен ұлттық құраманың бір бөлшегі болғанымды жақсы көрдім және әрдайым жақсы көретін боламын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Енді менің орныма құраманың намысын қорғауға лайық өте талантты жас ойыншылар келеді. Осы 20 жыл бойы көрсеткен махаббаттарыңыз үшін рақмет”, – деді ол.

Месси отбасы мүшелеріне, бапкерлеріне, командаластарына және ұлттық құрамада бірге қызмет еткен мамандарға да алғыс айтты. Ол Аргентина сапындағы жолын мақтаныш әрі көңіл тыныштығымен аяқтап отырғанын жеткізді.
“Енді мен де сіздердің қатарларыңызда болып, құраманы жанкүйер ретінде қолдаймын. Ұмытылмас естеліктер мен сәттерді өзіммен бірге алып кетемін. Сіздерге және командаластарыма ертегідей сәттер сыйлай алғанымды мақтан тұтамын. Осының бәрін сіздермен бірге бастан өткеру керемет болды. Мен сіздерді жақсы көремін! Мені аргентиналық етіп жаратқаны үшін Құдайға рақмет. Алға, Аргентина!” – деп түйіндеді футболшы.
Месси жазбасының соңында бұл қоштасу мәтінін 21 шілдеде, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазғанын атап өтті.
Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасының сапында 2022 жылы әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын жеңіп алды, 2022 жылы Финалиссима кубогын иеленді. Ал 2008 жылы Аргентина құрамасымен Олимпиада чемпионы болды.
2026 жылғы әлем чемпионатында Месси бастаған Аргентина екінші рет қатарынан финалға дейін жетті.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді