Әзірбайжан президенті Әлиев Тоқаевпен кездесіп, Құрылтайға қатысты пікір білдірді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ШЫҰ саммиті аясында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар мен алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімеледі.
Мемлекет басшысы елдің саяси өміріндегі аталған тарихи уақиға жан-жақты жаңғыру жолындағы маңызды кезең саналатынын атап өтті. Президент Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты білдірген жылы лебізі, сондай-ақ Әзірбайжан өкілдерінің байқаушылар миссиясы құрамындағы белсенділігі үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
“Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзірбайжан Парламенті – Милли Мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын. Мемлекетаралық қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді. Өзара ықпалдастыққа қатысты негізгі мәселелерді ұдайы назарда ұстаймын. Осы орайдағы байланыстарға көңіл толады. Бұл жетістіктің негізгі қозғаушы күші – мемлекеттер басшыларының ерік-жігері екені сөзсіз”, – деді Президент.
Ильхам Әлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымы мен мән-маңызына тоқталды.
Әзірбайжан президенті елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
“Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз табысты ілгерілеп, одақтастық сипатқа ие болды. Күн өткен сайын нақты мазмұнмен толығып келеді. Құрылтай сайлауының табысты өтуі және Қазақстан халқының қолдауы сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды қоғам дұрыс қабылдайтынын көрсетеді”, – деді Ильхам Әлиев.
Әңгімелесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ көлік, логистика, энергетика және цифрландыру сияқты түрлі саладағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды. Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.
Айта кетейік, Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына және "ШЫҰ+" форматындағы кездесуге қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды.
Еске салсақ, Ердоған Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, Түркияға шақырған еді.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді
