Құрылтай депутаттарын сайлауға 7 партия қатыспақ

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауға 7 саяси партия қатысатынын мәлімдеді.
"Орталық сайлау комиссиясына ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауына 7 саяси партия қатысуға ниет білдіріп отыр. Партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген кемінде 30 пайыздық квота сақталған. Өздеріңіз білетіндей, күнтізбелік жоспарға сәйкес Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу кезеңі 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Қазіргі уақытта барлық саяси партиялардың құжаттары партиялық тізімдерге енгізілген азаматтардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды", – деді ол.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің сөзінше, ең көп кандидаттар “Әділет” партиясынан екенін атап өтті.
"2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына 7 саяси партияның партиялық тізімдері ұсынылды: Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігі - 63 кандидат, "Ауыл" партиясы" республикалық қоғамдық бірлестігі - 69 кандидат, "Әділет" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігі - 186 кандидат, Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы" қоғамдық бірлестігі - 47 кандидат, "Қазақстан халық партиясы" қоғамдық бірлестігі - 72 кандидат, "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" республикалық қоғамдық бірлестігі - 33 кандидат, "Respublica" партиясы" қоғамдық бірлестігі - 76 кандидат", – деді Шавхат Өтемісов.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға үкімет резервінен 34,3 миллиард теңге бөлінетіні туралы хабарлаған едік.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме