Қазақстанға тауға келген германиялық туристер жарақат алып оларды тікұшақпен құтқарды
Германиядан Қазақстанға тауға келген турист биікте жарақат алып, өздігінен түсе алмай қалды. Құтқарушылар оны Сәтбаев шыңынан тікұшақпен құтқарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ТЖМ мәліметінше, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Сәтбаев шыңында Германия азаматтарынан құралған туристер тобы көмек сұраған. Таулы жерге көтерілу кезінде олардың біреуі қолын жарақаттап, өздігінен төмен түсе алмаған.
Құтқару жұмысына ҚР ТЖМ-нің "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, Алматы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары, сондай-ақ "Қазавиақұтқару" АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды.
Құтқарушылар биік таулы аймаққа қонғаннан кейін зардап шеккен туристке жаяу жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оны тікұшақ қона алатын алаңға дейін жеткізді.
Турист әуе кемесінің көмегімен таудан эвакуацияланып, Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Онда ол дәрігерлерге тапсырылып, медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек алды.
ТЖМ туристерге тауға шығар алдында мұқият дайындалып, бағыттың күрделілігін ескеріп, таудағы қауіпсіздік талаптарын сақтауды еске салды.
