Қазақстандықтар жеткіліктілік шегіне қарамастан зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін аудара алады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарын инвестициялау есебін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Есепте қазақстандықтардың жинақ көлемі мен зейнетақы активтерінің табыстылығы ғана емес, сондай-ақ салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін немесе толықтай сеніп тапсыра алатын жеке басқарушы компаниялардың көрсеткіштері де қамтылған.
Айта кетейік, қазір қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқаратын компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады. Ал ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде жеке басқаруға тапсыруға болады.
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, Ұлттық банк пен жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 27,63 триллион теңгеге жеткен.
Негізгі қаражаттың басым бөлігі – 26,42 триллион теңге Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында және міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Ал тағы 1,1 триллион теңге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтерді құрайды.
Ал қазақстандықтардың жеке басқарушы компанияларға берген зейнетақы жинақтарының көлемі әзірге салыстырмалы түрде аз болып отыр, шамамен 106 миллиард теңге.
Соңғы 12 айда БЖЗҚ салымшыларға 2,71 триллион теңге көлемінде инвестициялық табыс есептеді. Осы кезеңде Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,46%-ды құрады.
Ұлттық банктің зейнетақы портфелінің шамамен 41%-ы доллармен, ал 59%-ы теңгемен орналастырылған. Инвестициялардың ең үлкен үлесін Қазақстанның қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары құрайды – портфельдің 43%-дан астамы осы құралдарға тиесілі.
ОқыңызЖарияланған есеп жеке басқарушы компаниялардың нәтижелерін де салыстыруға мүмкіндік береді. Құжатқа сүйенсек, барлық ірі жеке басқарушы компаниялар Ұлттық банктің нәтижесінен жоғары табыстылық көрсеткен (12,10%-дан 18,28%-ға дейін).
Қор өкілдері белгілі бір кезеңдегі жоғары табыстылық болашақта да дәл сондай нәтижеге кепілдік бермейтін ескертеді, себебі инвестициялар әрдайым нарықтық тәуекелдерге байланысты.
Сондай-ақ есепте 2026 жылдың сәуір айында зейнетақы активтерін басқаруға кіріскен нарықтың жаңа қатысушысы Tansar Capital компаниясының пайда болғаны айтылған.
БЖЗҚ 2026 жылдың басынан бастап Halyk Global Markets компаниясына зейнетақы жинақтарын аударуға қатысты өтініштерді қабылдамайтынын хабарлады. Компания 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару туралы шартты бұзатыны жөнінде қорға ресми түрде хабарлаған.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жаңа инвестициялық декларациясын бекіткені туралы жазған едік. Жаңартылған тәсіл қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау кезінде кірістілікті арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
2026 жылы қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша қаражат жұмсайды