Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар Тоқаевқа қаншалықты сенеді: Сауалнама қорытындысы шықты

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Ел тұрғындары президентке 86,7% сенетін болып шықты. Ол Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Институт мәліметінше,  көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. Бұл елді жаңғырту мен дамыту бағытына қоғамның тұрақты қолдау білдіретінін көрсетеді.

“Президентке ең көп жастар сенеді екен. Көрсеткіш - 91,4%. Жастар мемлекет ұсынатын білім гранттары, түрлі бағдарламалар, цифрлық қызметтер және басқа да қолдау шараларын жиі пайдаланады. Сонымен қатар қазіргі жас буын елдің қарқынды дамуы кезеңінде қалыптасты7 Бұл олардың президентке деген сенім деңгейіне әсер етпей қоймады”, – делінген зерттеу қорытындысында.

Президентке сенім деңгейі қала (86,9%) және ауыл халқы арасында да (86,7%) байқалған. Алайда сенімнің қалыптасу себептері әртүрлі екені айтылды. Ауыл тұрғындары мемлекетпен инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар мен төлемдер арқылы тікелей байланысады. Ал қала тұрғындарының сенімі жүйелі өзгерістерді қабылдаумен байланысты.

“Ерлер де, әйелдер де президентке жоғары деңгейде сенім білдіреді. Сонымен қатар әйелдер арасындағы сенім көрсеткіші ерлермен салыстырғанда 3,8% жоғары. Зерттеу нәтижесі бойынша, адамдардың білім деңгейі Президентке деген сенімге айтарлықтай әсер етпейді. Cауалнамаға қатысушылардың білім деңгейіне қарамастан, көрсеткіш тұрақты түрде жоғары болып отыр”, – делінген сауалнамада.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың сатып алу қабілеті артқан сайын президентке деген сенім деңгейі де өседі. Бұл экономикалық жағдайды оң бағалау мен мемлекеттік саясатты қолдау арасында байланыс бар екенін көрсетеді.

“Осылайша, алынған мәліметтер президентке сенімнің тұрақты сипатқа ие екенін көрсетті. Бұл көрсеткіш білім деңгейіне тәуелді емес. Аала мен ауыл арасында айтарлықтай өзгермейді және барлық жас санатында сақталады. Бұл елді дамыту саясатына жүйелі қолдау бар екенін дәлелдейді”, – деді зерттеу авторлары.

Әлеуметтік сауалнама институт тапсырысы бойынша 2026 жылы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілген. Зерттеуге 8 мың адам қатысқан. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы 18 жастан асқан азаматтар тартылған.

Айта кетейік, бұған дейін Сәуір айында Қазақстанның барлық өңірі қатысқан тәуелсіз зерттеу жобасы Demoscope жүргізген сауалнама нәтижесі қоғамда билікке қатысты оң көзқарастың сақталып отырғанын көрсеткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 16 Мамыр, 2026 18:24