Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар кітап оқып, 600 мың теңге ұтып ала алады

Кітап оқу
Фото: Magnific.com

Астана “Кітап оқитын ұлт” республикалық жобасына қосылды. Енді елорда тұрғындары алты айға созылатын оқу марафонына қатысып, білімін сынап қана қоймай, ақшалай жүлдеге де ие бола алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жоба қыркүйекте басталады. Осыған дейін Астана әкімдігі мен “Кітап оқитын ұлт – Читающая нация” қоғамдық қоры арнайы меморандумға қол қойған.

Марафонға қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқуы керек. Одан кейін олар тестілеуден өтіп, бірнеше зияткерлік квизге қатысады. Нәтижесінде әр санат бойынша үздік командалар анықталады.

Жүлде қоры да қомақты:

  • бірінші орын – 600 мың теңге;
  • екінші орын – 450 мың теңге;
  • үшінші орын – 300 мың теңге.

Марафонға 6–10-сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттері, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар және мамандығына қарамастан кез келген адам қатыса алады.

Байқау қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

Қатысушыларды тіркеу қыркүйекте жобаның ресми сайтында ашылады.

Жоба аясында күзден бастап Астанада әдеби кездесулер, көпшілік оқу шаралары, кітапқа арналған жобалар мен түрлі ағартушылық бастамалар да өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама кітап оқуға қызығушылықты арттырып, отандық әдебиетті қолдауға және үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы кітап оқу мәдениетінің маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл үрдіс ұлттың басты құндылықтарының біріне айналуы керегін айтқан еді. 

Мемлекет басшысы отбасы институты мен білім беру жүйесінің рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, балаларды кітап оқуға баулу – тәрбиенің негізгі тетіктерінің бірі.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 14:22