Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Дженнифер Лопестің концертіне алған билетінің ақшасын сот арқылы өндіріп алды

Дженнифер Лопес
Фото: Getty Images

Павлодар облысының тұрғыны америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне билет сатып алғанымен, оны қолына алмаған. Кейін сот арқылы билетке төлеген 376 869 теңгені толық қайтарып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Liter.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға концерт билетінің туристік агенттік арқылы сатып алынуынан басталған. Тұтынушы билет құнын толық төлегенімен, оған билет те, жазбаша келісімшарт та, төлемді растайтын фискалдық чек те берілмеген. Біраз уақыттан кейін ол қызметтен бас тартып, ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда агенттік билет құнының 30 пайызын (113 061 теңге) ұстап қалып, қалған соманы ғана қайтаруға келіскен.

Бұған келіспеген азамат Павлодар облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент мамандары құқықтық көмек көрсетіп, сот процесіне үшінші тарап ретінде қатысқан.

Алғашқы сот инстанциясында агенттік бұл дауды туристік қызмет көрсету аясында қарауды сұрап, "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" заңды қолдануды талап еткен. Сот осы уәжбен талап арызды ішінара қанағаттандырып, азаматтың пайдасына 263 809 теңге өндіріп берген.

Алайда тұтынушы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық сот тараптар арасында туристік өнімді сату туралы келісім жасалмағанын анықтады. Соттың пікірінше, бұл жағдайда әңгіме тек концерт билеті туралы болғандықтан, дау ақылы қызмет көрсету шарты ретінде қаралуға тиіс.

Сот Азаматтық кодекске сәйкес тапсырыс берушінің қызметтен бас тартуға құқығы бар екенін, ал орындаушы тек нақты жұмсаған шығындарын ғана ұстап қала алатынын атап өтті. Бірақ агенттік 113 мың теңгеден асатын шығындарын дәлелдейтін ешқандай құжат ұсынбаған.

Сонымен қатар сот билет құнының 30%-ын ұстап қалу туралы талап тұтынушыға төлем жасалғаннан кейін ғана хабарланғанын анықтады. Сондықтан бұл шарт тараптар арасында келісілген деп танылмайды және заңды күшке ие емес.

Осылайша, апелляциялық сот бірінші инстанцияның шешімін өзгертіп, орындаушыны тұтынушыға билет құнын толық көлемде – 376 869 теңгені, сондай-ақ сот шығындарын қайтаруға міндеттеді.

Мамандар интернет арқылы билет сатып аларда тек ресми ұйымдастырушылардың немесе уәкілетті билет операторларының қызметін пайдалануға, сатушы туралы ақпаратты мұқият тексеруге және электронды чектер мен төлем түбіртектерін сақтап қоюға кеңес береді.

Еске салайық, былтыр Алматыда өткен "Реал Мадрид" пен "Қайрат" арасындағы матчқа Өзбекстаннан арнайы келген әке мен бала 642 мың теңгеге сатып алған билеттерінің жалған екенін стадионға кірер кезде білген. Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұртшылық фейк билет сатқандарға қатаң жаза қолдануды талап еткен еді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 18 Шілде, 2026 15:00