Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел пәтеріндегі аяқталмаған жөндеу жұмыстары үшін төлеген ақшасын сот арқылы қайтарып алды

Пәтердегі жөндеу жұмыстары
Фото: Жасанды интеллект

Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты пәтердегі жөндеу жұмыстарын тиісті деңгейде орындамаған мердігерге қатысты азаматтық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қазан айында қос тарап Алматы қаласындағы пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шартқа қол қойған. Келісім бойынша, жөндеу құны 6,2 миллион теңге болған.

Арызданушы әйел жөндеу жұмыстарының алғашқы үш кезеңі үшін мердігерге 4,7 миллион теңге төлеген. Алайда жұмыс толық аяқталмай, орындалған жұмыстар мен пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасы шарт талаптарына сәйкес келмеген.

Пәтер иесі мердігерден анықталған кемшіліктерді жоюды бірнеше рет талап еткен, алайда оның талаптары мүлдем орындалмаған. Кейін пәтер иесі мердігерді жөндеу жүріп жатқан пәтерге кіргізбей қойған.

Сот барысында жауапкер талапты мойындаған жоқ. Ол жұмыстың белгілі бір бөлігі орындалғанын айтып, пәтерге кіру мүмкіндігі болмағандықтан, жөндеу жұмыстарын толық аяқтай алмағанын алға тартты.

Іс бойынша жүргізілген сараптама нәтижесінде орындалған жұмыстар мен пайдаланылған материалдардың құнын 1,4 миллион теңге деп бағаланды. 

Нәтижесінде сот мердігер шарт талаптарын елеулі түрде бұзған деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сот келісімшартты бұзып, айыптаушы әйелдің пайдасына 3,9 миллион теңге өндірді. Бұдан бөлек, нотариаттық және өкілдік шығындар, сондай-ақ сараптама жүргізуге жұмсалған жалпы сомасы 385 мың теңге шығын өндірілді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ақауы бар көлік үшін салонды сотқа беріп, 21 миллион теңгесін қайтарып алғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 22:19