Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы аптап: Оңтүстік тұрғындары күнге жұмыртқа қуырды

ауа райы жұмыртқа
Фото: Видеодан скрин

Оңтүстік Қазақстанда бір аптадан бері ауа температурасы 45 градустан асып тұр. Тұрғындар күнге жұмыртқа қуырып, өрт сөндірушілер, полицейлер мен коммуналдық қызмет мамандары көшелерге су шашып, ыстықтан қорғанудың амалын жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Таразда бүгін өрт сөндірушілер балалар мен ересектерге мереке сыйлады. Қалада ауа температурасы көлеңкенің өзінде +45 градусқа жеткен. Бұл Шымкенттегі көрсеткіштен сәл ғана төмен. Ал Шымкентте күннің қызуы 50 градусқа дейін көтеріліп жатыр.

Аптап ыстықты жеңілдету үшін коммуналдық қызмет мамандары, полицейлер мен құтқарушылар аулалар мен көшелерді аралап, су шашып, тұрғындарға балмұздақ таратты. Дегенмен дәрігерлер мұндай ыстықта барынша сақ болуға шақырады.

“Аптап кезінде ең алдымен жүкті әйелдер, балалар, қарттар және жүрек-қан тамырлары мен өкпе аурулары бар адамдар қауіп тобына жатады. Сондықтан мүмкіндігінше салқын жерде болған жөн, жылырақ суды көбірек ішкен дұрыс. Ең бастысы – балаларды да, ересектерді де ыстықта көліктің ішінде қалдыруға болмайды”, – дейді Жамбыл облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Серік Бағыбаев.

Әзірге елімізде ыстықтың салдарынан ауыр жағдайлар тіркелген жоқ. Алайда Қызылордада тұрғындар күннің қызуына жұмыртқа қуырып, тәжірибеге жасады. Ал Астанада ауа температурасы 36,8 градусқа дейін көтеріліп, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бірақ бұл оңтүстіктегі жағдаймен салыстыруға келмейді. Себебі синоптиктердің айтуынша, алдағы күндері ыстық ауа райы басылмайды.

“Синоптикалық болжамға сәйкес, алдағы бірнеше күнде Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарында өте қатты ыстық сақталады. Ең жоғары температура Түркістан облысында күтіледі. Мұнда ауа температурасы 46-48 градусқа дейін жетіп, аптап болады”, – деді "Қазгидромет" РМК қысқа мерзімді болжамдар басқармасының басшысы Ардақ Қальменова.

Айым Болатқызы
Жұма, 17 Шілде, 2026 08:17