Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы аэротакси: Коммерциялық рейстер қашан іске қосылады

Аэротакси коммерциялық рейс
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Қазақстанда дрондар мен аэротаксиді дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, қазір мұндай аппараттарды сынау, пайдалануға рұқсат беру және қауіпсіздік талаптарын белгілейтін ережелер бекітілген.

"Астана, Алматы және Қосшы қалаларында үш жылдық пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Астана мен Алатауда аэротаксиге қатысты демонстрациялық ұшулар өткізілді. Мұндай аппараттарды пайдалануға және қону инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданды. 2028 жылы аэротаксидің коммерциялық рейстерін іске қосу жоспарланып отыр", – деді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ ол Алматыда дрондар арқылы тауар жеткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын атап өтті.

Мысалы, 19 мамырда AutoFlight компаниясы Алатауда аэротаксиге сынақ ретінде демонстрациялық ұшу жасады. Ал 24 шілдеде AutoFlight Prosperity аппараты "Қазанат" ипподромы үстінен жолаушысыз ұшты. Бұл аппарат алты адамға дейін тасымалдауға арналған.

Сондай-ақ EH216-S аппараты жолаушымен бірге демонстрациялық ұшу жасады. Ол екі адамға дейін тасымалдай алады. Аппараттың жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетеді, ал ұшу қашықтығы – 35 шақырым болды.

 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан 2026 жылы қалалық әуе мобильдігін (Urban Air Mobility) реттейтін заңнамалық түзетулерді қабылдап, аэротакси, жолаушылар дрондары мен ұшқышсыз әуе көліктерін дамытуға құқықтық негіз қалыптастырған алғашқы елдердің бірі атанды. Заңда вертипорттар, қалалық әуе мобильдігі аймақтары және ұшқышсыз қозғалысты басқару жүйесі сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. Алайда аэротакси мен жүк дрондарын жаппай пайдалану қажетті сынақтар мен тәжірибелік құқықтық режим аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асады.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 11:55