Қазақстанда тағы бес тасжолда орташа жылдамдық есептеледі

10 шілдеден бастап Қазақстандағы тағы бес республикалық тасжолда көліктердің орташа жылдамдығы бақыланады. Ішкі істер министрлігі жүйе жол апаттарын азайтып, жүргізушілердің жылдамдықты сақтауын қамтамасыз ету үшін енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылғы 10 шілдеден бастап Қазақстанның тағы бес республикалық автожол учаскесінде көліктердің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылды.
Ішкі істер министрлігіне қатысты Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, министрлік жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"Жол-көлік оқиғаларының алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі – автожолдардағы орташа жылдамдықты бақылау. Жүйе қауіпті маневрлерді, күрт жылдамдық арттыру мен тежелуді азайтып, жүргізушілердің бүкіл жол бойы белгіленген жылдамдықты сақтауына ықпал етеді", – деді ол.
10 шілдеден бастап орташа жылдамдықты бақылау мына жол учаскелерінде енгізілді:
- Ақтөбе – Қандыағаш;
- Алматы – Қорғас;
- Көкшетау – Петропавл;
- Астана – Теміртау тасжолының қосымша учаскесі;
- Астана – Щучинск тасжолының қосымша учаскесі.
Аталған бес учаскенің жалпы ұзындығы – 525 шақырым.
ОқыңызМәліметтерге сенсек, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері республикалық маңызы бар сегіз ақылы автожолда қолданылып келеді. Қазіргі таңда оның жалпы қамту аумағы шамамен 2 мың шақыры болады.
Сондай-ақ министрлік алдағы уақытта жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін осы жүйеге кезең-кезеңімен қосуды жоспарлап отыр.
Ақтоты Боранова жүйенің негізгі мақсаты жүргізушілерге айыппұл салу емес, жолдағы адам өмірін сақтау екенін атап өтті.
"Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс асыру ауыр жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі болып қала береді. Жолда ұтқан бірнеше минут адам өміріне татымайды", – деді ол.
Осыған байланысты ішкі істер министрлігі жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтап, жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін биыл Қазақстандағы ақылы жолдардан шамамен 100 миллиард теңге кіріс түседі деп жоспарланған еді. Қазіргі заң бойынша бұл қаржы негізінен ақылы жолдарды күтіп ұстау мен пайдалану шығындарына жұмсалады. Енді үкімет бұл қаражаттың бір бөлігін жол құрылысына алынған несиелерді өтеуге және басқа республикалық маңызы бар жолдарды қаржыландыруға бағыттауды ұсынып отыр.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді