Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 69 бала қаза тапқан: Ішкі істер министрлігі ата-аналарға ескерту жасады

Суға батып кеткен балалар
Фото: polisia.kz

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы суға кетіп, 69 бала қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігі ата-аналарға су жағасында демалу кезінде балаларды бақылауды күшейтуге шақырды.  

“Құрметті ата-аналар! "Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі жазатайым оқиғаларға талдау жүргізді. Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – су айдындарында балалардың қаза болуы. Аптап ыстық басталғаннан кейін көптеген балалар күндерін өзен-көлдердің жағасында өткізетіні белгілі. Шомылу маусымы басталғалы бері суға батып 69 бала көз жұмды. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған. Арнайы жабдықталмаған орындарда болады. Көп жағдайда балалар су түбі тексерілмеген, су иірімдері мен қатты ағысы бар жабайы жағажайларда шомылады”, – деді ведомство. 

Министрлік сонымен қатар демалыс кезінде ересектердің алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынуы да қайғылы оқиғаға себеп екенін жеткізді. Салдарынан балалар ересектердің тиісті бақылауынсыз қалады.

“Еске саламыз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (ӘҚБтК-нің 364-бабы). Биылғы жылдың басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2700-ден астам адам жауапкершілікке тартылды”, – деді ведомство. 

 ІІМ су айдындарында қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтауға қатаң кеңес береді:

  • шомылуға арналмаған, арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түспеу;
  • су айдындарының маңында демалған кезде балаларды үнемі бақылауда ұстап, оларды қараусыз қалдырмау;
  • балаларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіру. Ондай жерлерде қатты ағыс, тастар, қоқыс, су астындағы иірімдер және басқа да қауіптер болуы мүмкін;
  • сондай-ақ, аптап ыстықта салқын суға түсу денсаулыққа қауіпті, өйткені температураның күрт өзгеруі қан тамырларының түйілуіне және бұлшық еттің тартылып қалуына (құрысуға) әкелуі мүмкін.
Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 09:36