Қазан айынан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарға жаңа лимит енгізу ұсынылды
Қазақстанда басқа банкке бір аударымда жіберуге болатын ақша көлемін 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Өзгеріс қабылданса, жаңа лимит қазан айынан бастап қолданыла бастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы Бинұр Жәленовтің айтуынша, өзгеріс 19 шілдеде іске қосылған банкаралық мобильді төлем жүйесіне қатысты. Бірыңғай QR деп аталатын жүйе QR-кодпен төлем жасауға ғана емес, әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударуға да мүмкіндік береді.
"Өзгерістер жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бір аударымның лимитін 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр. Құжат қабылданса, жаңа талаптар қазан айынан бастап күшіне енуі мүмкін", – деді Бинұр Жәленов.

Ұсынылып отырған 1 миллион теңге – бір аударымға белгіленетін ең жоғары сома. Дегенмен әр банк өз клиенттеріне бұдан төмен лимит қоя алады. Сондай-ақ клиенттер банк қосымшасы арқылы ақша аударуға өздері де шектеу белгілеуге құқылы.