Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда аптап ыстықтан бетон тасжолдар тағы да көтеріліп кетті

Аптап ыстық бетон жолдар қирап
Фото: ҚазАвтоЖол

Қазақстанда аптап ыстықтан асфальттан бөлек, енді бетон жолдар да сыр беріп жатыр. Оңтүстіктегі тасжолдардың бірінде қатты қызудан жол жабындысы көтеріліп, жүргізушілерге күтпеген кедергі пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Кolesa.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шілде айында Қазақстанда болып жатөан аптап ыстық жол қызметкерлері мен жүргізушілерге бірқатар қолайсыздық әкеліп, бетон жолдар қайтадан деформацияға ұшырай бастады. Кейбір жерлерде жолдың бетон жабындысы қатты көтерілгені сонша, қоршауға ұқсас кедергілерге айналған. Мұндай жағдайды өткен аптаның соңында Шымкент – Өзбекстан Республикасымен шекара бағытындағы тасжолда жүргізушілер байқаған.

"ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы бірнеше күндегі жоспарлы тексерулер барысында мамандар бетон плиталары көтерілген алты учаскені анықтаған. Жедел жөндеу жұмыстарына 50-ден астам жұмысшы мен қажетті барлық техника тартылған. Компания ақаулар қысқа мерзім ішінде жойылғанын хабарлады.

Компания цемент-бетон жабындысы бар автомобиль жолдарының жағдайын бақылау тәулік бойы жалғасып жатқанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін аптап ауа райынан үш өңірде жол жабындысы балқыған еді. Ыстық кезінде цементбетон жабынының беткі температурасы +60…+70 °C-қа дейін жеткен.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 12:57