Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аптап ауа райынан үш өңірде жол жабындысы балқып жатыр

Жол аптап
Фото: Қазавтожол

Жоғары температурадан үш өңірдің жол жабындысында ақаулар пайда болды. Жол қызметі цементбетон жабыны бар жолдардағы ақауларды жедел түрде жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

18 шілдедегі жағдай бойынша жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырым жол учаскесіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

“Жоспарлы тексерулер барысында Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында цементбетон жабынының жергілікті температуралық деформациясы тіркелген алты учаске дер кезінде анықталды. Әрбір учаскеге жедел түрде жол бригадалары мен арнайы техника жұмылдырылды”, – деп мәлімдеді Қазавтожол.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 51 жол маманы және қажетті арнайы техника тартылған. Жол қызметі тұрақты патрульдеу мен жедел әрекет етудің нәтижесінде анықталған барлық ақаулар қысқа мерзімде толық жойылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгенін хабарлады.

“Қазір жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ыстық кезінде цементбетон жабынының беткі температурасы +60…+70 °C-қа, ал кейбір учаскелерде одан да жоғары деңгейге дейін қызуы мүмкін. Мұндай жағдайда бетон плиталарында ішкі кернеу пайда болады. Бұл – әлемнің көптеген елдерінде аптап ыстық кезеңінде кездесетін табиғи пайдалану құбылысы”, – делінген хабарламада.

 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 19 Шілде, 2026 10:26