Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет жолды сапасыз тазалағаны үшін адам сотталды

жол апаты айыпталушы
Фото: Көлік министрлігі

Маңғыстау облысында жолды талапқа сай күтіп ұстамау дерегі бойынша Қазақстандағы алғашқы үкім шықты. Бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық істі Бейнеу аудандық соты қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жол апаты 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар "Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау" автожолында болған. Көктайғақ салдарынан Yutong маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған.

Апат салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 14 адам түрлі жарақат алған.

Бастапқыда Көлік министрлігі жол апатынан 4 адамның қаза тауып, 3 жолаушының зардап шеккенін хабарлаған болатын. Алайда кейін Маңғыстау облысы полиция департаменті құрбандар мен зардап шеккендер санына қатысты жаңартылған мәліметті жариялады.

Тергеу барысы

Істі Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді. Тергеу барысында қайғылы оқиғаға автожолдың қыс мезгілінде талапқа сай күтіп ұсталмауы себеп болғаны анықталды. Сондай-ақ жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен адам өлімі арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденген.

Прокуратураның мәліметінше, бұл – Қазақстанның сот тәжірибесінде автожолды қысқы күтіп ұстау талаптарын сақтамау салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы іс.

Сот үкімімен "ҚАЖсервис" ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану учаскесінің (ДЭУ-57) бастығы Қылмыстық кодекстің 353-бабының 4-бөлігі (Көлік саласында қолданылатын ережелерді бұзу абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқса) бойынша кінәлі деп танылды.

Ол 2 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 21:19