"Қаза тапқан командирдің несиесін жабу үшін әскерилерден ақша жиналған": Қорғаныс министрлігі желідегі ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желіде Сорбұлақтағы тікұшақ апатында қаза тапқан командирдің несиесін жабу үшін әскери қызметкерлерден ақша жиналып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Сорбұлақтағы тікұшақтың құлауына байланысты оқиға қайтадан қызу талқыға түсті. Threads қолданушысы әуе апатына кінәлі деп танылған марқұм экипаж командирінің қарыздарын өтеу үшін әскери қызметкерлер арасында ақша жиналып жатқанын айтып, жазба жариялады.
"Қорғаныс министрлігі олардың барлық қарыздарын өтеп беруге уәде берген, бірақ командир кінәлі деп танылғандықтан, оның несиелері жабылмаған. Кейін оның анасы хабарласып, бұл несиелерді жабуды талап еткен, алайда министрлік әскери қызметкерлерге әрқайсысы 20–30 мың теңгеден жинау керегін айтқан", – деп жазды желі қолданушысы.
Жазба авторының мәліметінше, ақша жинау қолма-қол түрде, Алматыда 20 мың теңгеден, ал басқа қалалардағы әскерилерден 30 мың теңгеден жиналып жатқан көрінеді. Сондай-ақ ол экипаждың екі мүшесінің қарызын министрлік өтеп бергенін, ал командирдің несиелері оның кінәлі деп танылуына байланысты жабылмағанын алға тартады.
ОқыңызЖеліде тараған ақпаратқа қатысты қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады. Министрлік аталған мәліметтердің расталмағанын мәлімдеді. Қонаев гарнизонының әскери полициясының деректеріне сәйкес, жеке құрам арасында жүргізілген анонимді сауалнамада ақша жинау деректері анықталмаған.
Сонымен қатар министрлік тақырыптың сезімталдығын ескере отырып, қызметтік тексеріс басталғанын атап өтті. Әскери қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардан сауалнама алынып, жазбада көрсетілген барлық мән-жайлар жан-жақты зерттелуде.
"Заңсыз түрде ақша жинау немесе өзге де заң бұзушылық деректері анықталған жағдайда, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады", – делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Министрлік қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына төлемдер заңнамаға сәйкес жүргізілетін атап өтті.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметкердің қаза болуына әкелген авиациялық оқиға бойынша тергеу жалғасуда, түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.
Еске салсақ, Сорбұлақ көліндегі қайғылы оқиға 2025 жылдың 25 шілдесінде болды. Су қоймасында әскери EC-145 тікұшағы апатқа ұшыраған. Іздеу-құтқару жұмыстары бірнеше аптаға созылды. Бортта болған үш әскери қызметкердің барлығы қаза тапты.
"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді